Сарапшы: Өзбекстандағы Қазақстан жылы - бауырластықтың үзілмес дәнекері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразия интеграция институтының қызметкері Дәурен Базаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапарына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шындығына келгенде бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге алғашқы мемлекеттік сапары саналады. Мұны Орталық Азияның көшбасшы екі елі басшыларының салыстыра тексеруі дер едім. Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуы да стратегиялық серіктестік қарқынының, сенімнің күшейе түсуінің, өзара қолдаудың, екі ел арасындағы бауырластықтың үзілмес дәнекерінің дәлелі. Қазақ-өзбек келіссөздері сындарлы рухта өтті. Кездесу қорытындысында ынтымақтастықтың түрлі салаларын қамтитын шамамен 10 мемлекетаралық құжат рәсімделді. Мұның өзі де талай жайттан сыр береді», - деді сарапшы.

Оның пайымынша, бұл сапар ең алдымен Нұр-Сұлтанның да, Ташкенттің де тарапынан өңірлік өзара іс-қимылды кеңейтуге және тереңдетуге бағытталған қолданыстағы сыртқы саясатының сабақтастығын сақтауға ықпалын тигізеді.

«Екіншіден, экономикадағы өзара тиімді ынтымақтастықты үдетіп, 2020 жылдың соңына қарай екіжақты сауда көлемін 5 млрд долларға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ғылым, білім, мәдениет, өнер, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастық күшейеді. Мұнан ары халықаралық және өңірлік форматтағы ынтымақтастық мәселелері қозғалады. Бұл - өңір қауіпсіздігіне қазіргі сын-қатерлерге, ең алдымен халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткі саудасына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға қарсы тұру. Өңір елдерінің Арал теңізі бассейніндегі нақты бағдарларамалар мен жобаларды жүзеге асыру бойынша халықаралық ұйымдармен, қаржылық және экологиялық институтармен өзара іс-қимылдарын кеңейту арқылы Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы екіжақты тиімді ынтымақтастық маңызды», - деді ол.

Фото: atyraukelisim.kz

Соңғы жаңалықтар