Сарапшы пікірі: Қазіргі міндет – аурудың таралуын азайту

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова карантин шараларын қатаңдату туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемнің көптеген елдері секілді Қазақстанда да күрделі эпидемиологиялық жағдай орын алды. Мұндай жағдайда Президент Қ.К. Тоқаев пен Үкімет тарапынан қабылданған шаралар туралы халықты мүмкіндігінше тезірек ақпараттандыруға тырысу байқалады. Кеше Президент Қ.К.Тоқаев өзінің Twitter парақшасында Үкімет 5 шілдеден бастап елде карантин енгізу жоспарын ұсынғанын, ал бүгін Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті деп жазды. Ауру бірнеше айдың ішінде әлемнің 210-нан астам еліне таралды. Әлемнің дамыған елдері өлімнің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш 5%-дан асады», - дейді сарапшы.

Қазақстанда 5 шілдеден бастап көлік, сұлулық салондары, спорт залдары, көпшілік іс-шаралар, дәмханалар мен мейрамханалардың жұмысына 14 күндік шектеу шаралары енгізіледі.

«Мұндай жұмыс режимі барша қазақстандықтарға бұрыннан таныс. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұқпалы науқасы барларға арналған төсек-орын саны 50% артып, 1400 қабылдау бригадасы жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта ПТР-сынақтарына арналған 8 жылжымалы зертхана сатып алынуда. Ал сынақтардың өздері Ресейден, Қытайдан, Германиядан сатып алынады. Наурызда еліміз өмір сүрудің осыған ұқсас ережелерін бастан өткерген болатын. Үкімет жоспарында көрсетілген шешімдер шектеулік сипатқа ие, бірақ шамадан тыс ештеңе жоқ. Мәселен, аймақтар арасындағы әуе қатынасы сақталады, жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысы біршама шектеледі. Алайда, коронавирусқа тестіден өткендігі туралы анықтаманы ұсынудың қажеті жоқ. Әсіресе маусымдық факторды, демалыс кезеңі екенін ескеретін болсақ, бұл – өте маңызды шара», - деді З. Шәукенова.

Сонымен бірге, сарапшы барлық қазақстандықтардың елдегі жағдайдың дамуына бірдей жауапты екенін түсіну керектігін айтты. Жекелеген азаматтардың сақтық шараларын ескермеуі, түрлі мерекелік шараларды өткізу, қарапайым санитарлық нормаларды елемеу эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне алып келді.

«Осындай шектеу шаралары көктемде айтарлықтай тиімді болды. Үкіметтің жоспары Мемлекет басшысының төрағалығымен жақын күндері өткен кеңесте Денсаулық сақтау министрі ұсынған екінші сценарийіне сәйкес келеді. Министрлік сарапшыларының болжамы бойынша, екі апталық ұлттық карантин кезеңінде ауруханаға жатқызуды қажет ететін аурулар саны күніне 7 мың жағдай деңгейінде болады. Қазіргі негізгі міндет – аурудың таралуын азайту және жағдайды жағымды бағытқа бұру», - деді Зарема Шәукенова.


Соңғы жаңалықтар