Сарыағаштық дзюдошы Еуропа кубогында жеңімпаз атанды

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев жуырда Еуропа кубогының жеңімпазы атанған Ерлан Тоқтаев пен оның жаттықтырушысын қабылдады. Спортшыны жарқын жеңісімен құттықтап, ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкім көк туымызды желбіретіп, бәсі биік бәсекелерде жеңімпаз атанып жүрген спортшыға алдағы бәсекелеріне сәттілік тіледі. Екеуін де «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Айта кетейік, Ерлан Тоқтаев 17-24 қазан күндері Словения мемлекетінің Градец қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен жарысқа қатысқан болатын. Еуропа кубогында Сарыағаш аудандық №2 спорт мектебінің спортшысы 60 келіде қарсыласынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Әкімнің қабылдауында сондай-ақ №2 спорт мектебінің түлектері Нұржігіт Жолдыбай мен Әділет Өмірзақтар да болды. Олар маусым айында Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ҚР чемпионатынан 4 алтын және 1 қола жүлдемен оралған. Аудан басшысы бұл спортшыларға да ізгі тілектерін жеткізіп, сый-сыяпат табыстады.

Еске салайық, Сарыағаш ауданының спортшылары 8 спорт түрінен Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Тағы екеуі екі спорт түрінен Әлем және Азия чемпионаттарына жолдама алды. 3 спортшы аударыспақ, тоғызқұмалақ, шахматтан жүлделі ІІ орын, 12 спортшы волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, каратэ-додан жүлделі ІІІ орынды иеленген болатын.

Соңғы жаңалықтар