Сәт Тоқпақбаев: Қандай іске де – халық таразы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2017 жылғы 12 сәуірде Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, онда қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындаған еді.

«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», деді Елбасы. Біздің бүгінгі сұхбатымыз Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі Сәт Тоқпақбаев. Күштік құрылымдарда басшылық қызмет атқарды. ҚР Парламенті Мәжілісі 4-ші шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

Махат Садық:

Сәт Бесімбайұлы, көпті көргеннен сұра дейді. Өрениетті елдерде Сіз секілді Тұлғалар қашанда ел алдында. Біздің ұлттық кодымызда сол қасиет ертеден сақталған. Сіз сексеннің сеңгіріне шығып, елінің аса ардақты азаматы, аузы дуалы, сөзі уәлі ақылгөй ақсақалы болып отырған жұрт мақтайтын, мақтанатын Азаматсыз. Өзіңіз депутат болған «Нұр Отан» партиясы алдағы Парламеттік сайлауғапраймериз өткізуді қолға алды. Орталықта, сондай-ақ өңірлерде бұл таңдау объективті, принципшіл және жауапты болуы тиіс. Бұл тәсіл тек партия жанындағы түрлі кеңестерге ғана емес, партия атынан алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды да іріктеуге өз септігін тигізбек. Барынша беделді, белсенді және жарқын тұлғаларды, кандидаттарды таңдау қашанда өзекті болған. Өзіңіздің депутаттық жолыңызды оқырмандарымызбен бөліссеңіз? Бұл бір жағы Парламетке депутат болғысы келетін, праймеризге қатысуға ынта білдірген кандидаттар үшін де қызықты екені анық.

Сәт Тоқпақбаев:

Осы жүрген баршамыз уақытқа тәуелдіміз. Қайтып оралмайтын да уақыт, қайтарып ала алмайтын да уақыт. Әр уақыттың өзіндік зор оқиғасы бар. Минуттан сағат, сағаттан тәулік, тәуліктен апта, айлар, жылдар, ғасырлар құралады. Менің де уақытым өтіп, әр кезең сайын орын алатын оқиғаларым да жаңарып отырды. Тура уақыт сияқты. Депутат болған жылдары 600-ден аса сауал жасадым. Жеке өзіме 700-ден аса халықтан түрлі арыздар келді.

2007 жылдың жазына қарай «Нұр - Отан» халықтық демократиялық партиясының тізімі бойынша, еліміздің жоғарғы билік сатысы саналатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып бекідім. 2-3 ай өткен соң Жамбыл, Алматы облыстарын аралап, халықпен кездесіп үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Күзге қарай өткен сайлауда «Нұр - Отан» Халық демократиялық партиясының жеңісінің арқасында мен депутаттық мәртебеге де ие болып шыға келдім.

Ендігі жерде қорғаныс, қауіпсіздік саласындағы қызметім артта қалған шығар. Халық алдындағы міндетімді депутаттыққа ауыстырған сәтте әлі де біраз мәселені біле бермейтіндігімді сезіндім. Адам өмірден өлгенше үйреніп өтеді екен. Бәрін білдім, меңгердім деу кеудемсоқтарға тән қасиет деп білемін. «Бір білетінім – менің ештеңе білмейтіндігім», - деп әйгілі көне грек білгірі Сократ айтқандай, осында жүріп өзіме көп жаңалық аштым. Үйрендім. Жетіле түстім. Депутаттар – нағыз білімі толыққан, интелект, өмір тәжірисі мол адамдар болатын шығар деп ойлайтынмын. Өйткені олар талқылап бекітетін заң өміріміздің барлық саласын қамтиды ғой. Осы ұғымның рас екеніне көзім жетті. Дегенмен, депутаттар да пенде ғой. Жақындары, достары, ағайындары бар... Кейбір заң қабылданар кезде қызу таласқа түсіп жататын тұстары жиі кездеседі. Біразын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сынап, мінеп те жүрдім. Әйтсе де кейде сөреде жатып қалатын, өмірге, адам өміріне қызмет етпейтін өлі заңдар бірді-екілі өтіп жатады. Мұндайда өкінесің...

Қазір халық арасында жүрген «депутаттардың лоббиы» туралы бір-екі сөз айтайын. Лобби деген сөз – ағылшын тілінен аударғанда «дәліз» дегенді білдіреді. Дәлізден өткізіп жіберу ғой. Кейбір заң жобасына қарап, шикілі-пісілі заң жобасы бола ма деген ой келеді. Бізде заң жобасы көп сынақтан өтеді. Заңды бүге-шігесіне дейін талдаймыз. Сол уақытта бірер топтың, я кәсіпкерлік жүйенің мүддесін күйттейтін келеңсіз жәйіт өте сирек те болса ұшырасып қалады.

АҚШ-та лоббизм туралы заң бар. Бізде кейбір пара алатын іс – оларда қылмысқа жатпауы мүмкін. Лоббишылар бір мәселені шешкені үшін пәлен пайыз сыйақы алады. Алған ақшасынан мемлекетке салық төлейді. АҚШ-та лоббилау – яғни белгілі топтың мүддесін қорғау туралы заңды қалыпқа келтіру үшін қаншама жыл өтті десеңші! Ал біздің менталитет басқа. Біздің жағдайымыз әлгі айтқан деңгейге толық жете қойған жоқ. Өйткені бұл күрделі заң. Бір жағынан – заңның бұзылып кету қаупі туындаса, екінші жағынан – орындалу талаптары әлі күшті емес. Бәрібір ерте ме, кеш пе біз ондай заңды қабылдаймыз. Осылай болады деп ойлаймын. Себебі уақыт талабы осыған әкеле жатыр. Барлық іс-әрекетіміз халық алдында ашық болуы тиіс. Менің ойымша, қылмысты азайтудың бірден бір жолы да осы сияқты.

Әйтпесе қиын мәселені шешіп жіберуге ынтызар кісілер жоқ дейсіз бе? Олардың алған ақшасы кімнің қалтасына түсіп жатыр? Олар ұсталғанға дейін – делдал, одан кейін – қылмыскер. Мұның несі жақсы.

Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатал заң бар. Сыбайлас жемқорлық жасырын жерде пайда болады. «Көз қысу, бармақ басу», «әке, көке» деген сөздер, «мынаны өткізіп жіберсең, жолақыңды төлеп, бірнәрсеңді береміз», - дейді... Егер бәрі ашық болса – бәрі заңды түрде жүрер еді. Шетелдегі лоббишының әрекеттері заң шеңберінде реттеледі. Біздің елде де осы тәртіп орын алса – біршама әділеттілік орнар ма еді.

Депутаттық қызмет туралы бір үзік сырды келтіре кетейін. Мен депутат болардан 5-6 жыл бұрын механикалық көлік жүргізушінің ерекше талоны болу керек деген мәселе қоғамда жиі сөз бола бастады. Нәтижесінде – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне көлік жүргізушілерге талон алуды жүктейтін 45-ші, 700-ші баптар енгізіліпті. Бірақ бірден дау шықпасын деп біраз жыл кідіре тұрыпты. Әлгілер 2007 жылы қаңтар айында Үкімет арқылы арнайы қаулы қабылдатқан. Сонан соң оны Ішкі істер министрлігі арқылы өткізіп, көлденең талон сатушылар ақша таба бастаған. Мұндай талонды ойлап шығарған кім? Бұл заң кімге қажет болды? Деген сұрақтарға жауап табылмады. Ешкім ештеңе айта алмайды...

Сонымен мен әлгі айтқан Үкімет қаулысының күшін жойғызып, Әкімшілік Кодексіндегі әлгі бапты алып тастау үшін жұмысқа жұмыла кіріскен кезде бір таныс кісі арнайы ат басын тіреп келді.

Ол маған:

- Осыны қойсаң қайтеді? - деген әңгіме бастады.

Мен әдейі індете сауал қойдым.

- Бұл істі қою арзан дүние емес. Оның құны миллион емес, миллиард теңгеге баруы мүмкін, - дедім саспай.

Сөзім соншама салмақты шықты білем.

Ол кісі бірден:

- Проблема жоқ. Сөйлесеміз ғой, - деп жан-жағына қарады алақтап.

Сол кезде ол маған миллиард төлемекші болды ма, жоқ па ол жағын түбегейлі білмеймін. Бірақ оған осылай айтқаным рас еді. Әлгі кісінің артындағы ақшалы топ тұрғаны сезілді.

Содан кейін мен талонға тиым салу заңының халыққа қажет екендігін, заңды тоқтату оған да, маған да абырой әпермейтіндігін жайлап отырып түсіндірдім.

- Жіберген адамға сәлем айт! Енді ондай мәселе көтермесін! Мен бастаған ісімді аяқсыз тастамаймын! – дедім турасына көшіп.

Сөйтсе әлгі:

- Жай қалжың ғой, - деп жуып-шая бастады.

Бір талонның құны – 1200 теңге. Бірақ артынан анықтасам – құжаттарды рәсімдеуге деп, оның үстіне тағы 1-2 мың теңге қосады екен.

Ал бізде cол жылдары 3 миллион 190 мыңдай көлік жүргізушісі бар. Яғни солардың бәрі талонды бастапқы бағасына алғанның өзінде де 31 миллион доллар қалтаға бірден түседі емес пе. Оған қоса талон алатын әрбір жүргізушінің арнайы есепшоты болуы керек. Сол есепшоттың әрқайсысында 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 25 мың теңгеге дейін ақша жатуы тиіс. Енді есептеңіз... бұдан қанша қосымша ақша төгіледі?! Бұл қаржыны олар айналымға салмақшы. Ал одан жүргізуші байқұсқа бір тиын да бұйырмайды. Сонда мұның халыққа келтірер пайдасы кәні? Заң – халықтың қамы үшін шығарылады. Халықтың тұрмысын аз да болса жеңілдету үшін, халықтың тұрмысын аз да болса жақсарту үшін заңдар шығарылып, түрлі бағыттарда жұмыс істеу алға қойылады.

Махат Садық:

Сәт аға, рас айтасыз. Бір талонның құны – 1200 теңге болғанын айттыңыз. Ал шекарадан бермен қарай тауар тасымалдауға қажетті жүк көліктері үшін осы талон құны сол кезде 5 – 6 есе қымбатқа саудаланғанын журналистикадан жүргеннен білемін. Қанша айтылып, жазылса да сол мәселе біршама уақыт жауапсыз қалып отырды. Нағыз Генерал, нағыз халық депутаты ғана осындай көзсіз қаһармандыққа бара алады. Осы бір мысалыңыз ғана, депутат боламын, мәселеге араласып, шешемін дейтін қырандарға сабақ болса игі.Бұл он жыл бұрын болған оқиға. Ескі күндерді еске алсақ Сіз еліміздің рухани жаңғыруына да тікелей қатыстыңыз. Қызметіңіз соны талап етті. 1993 жылдың маусым айынан - ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, ал желтоқсан айынан – Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы болдыңыз. Сол уақытты еске алсақ.

Сәт Тоқпақбаев:

Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып отырған кезімде біршама ғалымдармен бірге тарихтағы ақтаңдақтар(репрессия) ақиқатының астарын ашу үшін біршама еңбектенген едік. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алдымыздағы мақсат - Совет Одағы кезіндегі, 1929-1930, 1935-1936, 1937, 1938, одан кейінгі жылдарға ұласқан сталиндік зұлматтың қанды қылышына ұшырап, оққа байланып опат болып кеткен аяулы азаматтарымызды архив деректерінен іздеп табу болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан олардың іс-қағаздарын көтеру, жазықсыз жапа шеккен, сотталған, атылған кісілердің атын қайтадан жарыққа шығарып ақтап алу науқаны басталды.

Бұл науқанға өз басым белсене араластым. Сол кезде елімізде жалаға ұшыраған азаматтарды ақтап алатын «Әділет» қоғамы құрылды. Әділет қоғамының жетекшісі Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев болды. Облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқармасында қызметте жүрген уақытта 1980 жылдардың аяғында «По реабилитации жертв Сталинской репрессии» деген комиссия құрылған болатын, соның төрағасы болдым. Ондағы алдыма қойған мақсатым – жоғарыда айтып өткендей 1937, 1950 жылдары жазаланған азаматтардың құжаттарын зерттеп, бас-аяғын жинақтап, ақтап шығу еді. Сол іске тездетіп кірісуді көздеген едік. Екінші жағынан: олар қай жерде атылды соны білу керек болды. Халқымыздың бұрынғы ел басқарған, бетке ұстар азаматтары – жазықсыз мың-мыңдап атылып кеткен. Міне солар қай жерге жерленді, қандай себеппен ауыр жазаға кесілді, яғни, не үшін жапа шекті. Осындай толып жатқан түрлі сұрақтарға жауап іздей бастадық.

Архивте бұл сұрақтарға толық жауап беретін құжаттар табылған жоқ. Жойып жіберген сыңайлы. Кім атты, қай жерде атылды, қай жерге жерленді деген сұрақтар жауапсыз қалатын түрі бар. Мұндай құжаттар болмағаннан кейін мен бірнеше топ құрдым. Бір топ 1936, 1937, 1938 жылдары кадрларда, басқа да маңызды орындарда жұмыс істеген адамды іздеуі керек. Қызмет орны арқылы анықтау тапсырмасы берілді ол топқа. Содан кейін «мынаны естідім... солай екен... болған екен...» деген қауесеттен тұратын мағұлматты тексеретін тағы бір топ құрдым. Газет, журнал бетіне шыққан ақпаратты егжей-тегжейлі зерттейтін тағы бір топ құрдым. Тікелей архив материалдарын тексеретін өз алдына жеке бір топ болды. Осындай жұмыс күні-түні жүргізілді. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біраз мәселенің беті ашыла бастады. Біздің небір марқасқа азаматтарымыз осындай азапты жылдардың құрбандары болып кетті емес пе? Мәселен, Сәкен Сейфуллин ісі Мәскеуде болды. Мәскеуге хатты жазудай-ақ жаздық. Бірақ бізге құжаттардың түрін көрсетпеді. Іздестіріп жүріп сол кезде азаматтарды атқан адамның ізіне түстік. Деректер бойынша мекен-жайын анықтап, тауып өзімен кездестік. Жай ғана білімі жоқ, кезінде НКВД-да жұмыс істеген адам екен. Бірақ, кезінде кімді атып жатқанын білмеген көрінеді. Дзержинский мен Виноградов көшесінің бойында жертөле (подвал) болған. Еліміздің талай боздақтарын сол жерде, әр күні түнде атып отырған.

«Оқиға түнде болушы еді. Таң алдында арбаға салып, қаланың сыртына апарамыз да жыраларға тастаймыз. Ол уақытта туыстарым ауылда, алыс жақта тұратын» дейді әлгі. Сосын мен шыдамай оны сұрақтың астына ала бастадым:

- Сенің туыстарың біле ме осындай тірліктер істеп күнелткеніңді? – дедім.

- Жоқ, олар білмейді. Қазір өз алдыма әулетім бар адаммын. Балаларым, немерелерім бар, – дейді. Адам өлтірдім-ау, талай боздақты жер жастандырдым-ау деген қобалжу, қымсыну еш байқалмайды.

- Сол күндерден ұмытылмастай есіңде қалған не бар? – деп сұрадым. Сөйтсем әлгі адам атқыш жауыз:

- Бір күні таң алдында әлгіндей жұмысымды бітіріп, болған соң үйге барайын деп подвалдан шығып келе жатсам, далада қар жауып тұр екен. Артыма бұрылып қарасам – аяқ киімімді, басқа да киімімді ауыстырмаппын. Аяғым қып-қызыл қан. Бүкіл жүрген ізім қанжоса болып сайрап жатыр. Дер кезінде көріп әбүйір болды, әйтпесе не боларын бір құдай білсін... Дереу айналып барып киімімді түгел жалма-жан ауыстырдым. Артыма қарағаным оңды болды. Болмағанда үйдегілер сезіп қалатын еді, – деп ыржиып күліп, өз ақылына өзі тоғайып қоқиланып қояды.

Баскесердің айтқан әңгімелерінен есімде тағы бір қалғаны:

- Жұмыс істеп біткен соң бізге жарты стакан спирт, сосиска беруші еді, сосисканың дәмі қандай, шіркін. Әлі күнге дейін таңдайымда, - деп тамсана жұтынды. - Ол кезде сосиска кез келгеннің дастарқанынан табыла бермейтін. Оған қол жеткізу бір ғанибет еді. Ал менде сол сосиска болды. Тіпті таза спирт ішіп жүруші едім, – деп жас балаша мақтанышпен еске алады өткенін. Бұл кездесу өте ауыр тиді. Өз құлағымызбен естіген ауыр көріністі көзімізбен көргендей әсер алдық. Неге десеңіз, сол жауыздықты қолымен істеген қанішермен дидарласып, өз аузынан бар ақиқатты естідік.

Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып жүргенімде академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевты, Жовтисті, тағы басқа «Мемориал» қоғамының мүшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне Мемлекет басшысының рұқсатымен кіргіздім. Олар он күндей сол архивте жұмыс істеді. Біраз деректер жиған сияқты. Көп ұзамай құжаттар ізімен жақсы бір кітап шығарды. Қайтыс болған адамдардың тізімін жазды. Сол кітаптың алғысөзіне Манаш Қабашұлы менің атыма алғысын айтыпты. «Азалы кітап» деп аталатын ұлы жинақтың бірінші томы 1996 жылы жарық көрді. Кітаптың барлық шығынын «Әділет» қоғамы көтерді. Кітапқа үлкен алғысөз жазған академик Манаш Қозыбаевтың шындықты айтқан сөзінің ішінде өзіме қаратып: «Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы Төрағасы Сәт Тоқпақбаев мырзаға қалың жұртшылық атынан, «Әділет» қоғамының атынан зор алғыс айтамыз! Ол кісінің қоғамға көрсеткен жәрдемі, аты өшіп бара жатқан азаматтарымыздың есімін қайта тірілту ісінде – жанашырлық қолқабысы ұшан-теңіз болды», - деп жазғанын оқысам әлі күнге тебіреніп кетемін. Бойымды өкініш пен қуаныш аралас бір сезім билейді.

Менен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне келген басшы менің аты-жөнімді кітаптан сызып тастағысы келіп біраз әуреленіпті. Әйтсе де әділет бар емес пе. Манаш Қозыбаев ағамыз: «Бұрынғы төраға Сәт Бесімбайұлының еңбегі ұшан-теңіз, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 60 жыл бойына жабулы келген мұрағатына кіргізіп, қыруар құпия құжаттарды көрсетіп, танысып шығуымызға жол ашты, мүмкіндік берді», - деп қасарысып отырып алыпты. Соның арқасында әлгі азалы кітапқа редакциялық ұжымның атынан шағын ғана алғыс жазылыпты.

Махат Садық:

ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы - ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы, ҚР қорғаныс министрі жоғары лауазымдық қызметін абыроймен атқардыңыз. Әскери шеніңіз – Генерал – полковник. Әр қызметтің өз жауапкершілігі бар. Жауапкершілік - адами болмысты, рухани құндылықтарды өзгерте алмайды. 1986 жылға оралсақ. Мәскеуге бағынған бодан елміз. Сіз сол кезде Республикалық Қауіпсіздік қызметіндесіз. Біз студент едік. Алаңға барып атой салдық. Біраз азаматтар жазаланды, сотталды. Сол уақыттың бізге беймәлім тұстарын айтып өтсеңіз.

Сәт Тоқпақбаев:

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы көп азаматтардың қадамын тұсап, арман мақсатының күлін көкке ұшырды. Өміріне қырсық боп жабысты. Қаншама жас Желтоқсан алауына жанып кетті. Біразы жан сақтап аман қалды. Қалай болғанда да осы бір қиын кезең азаматтардың басына сын өткел секілді қатал әрі жауапты ауыртпашылық жүктеді. Жолы болғыштар жеңіл құтылып шықты, ал қорғансыз жауқазындар тағдырдың тәлкегіне ұшырап желтоқсан аязында үсікке ұшырағандай күй кешті. Сол уақытта Мәскеуден көп басшылар келді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен де, Ішкі істер министрлігінен де Бас прокуратурадан да, СОКП орталық комитетінен де келді. Алматыдағы жастарға қарсы жұмысты сол органдар басқарды. Нағыз ұлтшыл деп қазақтарды айыптады. Мәселен сол органдардың өзінде ұлтшылдықтың не екенін түсінбей кеткен жағдайлар болды.

1986 жылғы желтоқсан және 1987 жылғы қаңтар айларында Алматы қаласы және Алматы облыстық басқармасына 1 мыңнан астам сигнал келіп түсті. Осының бәрін қалт жібермей қадалып отырып, тексеріп шықтық. Әрбірінде көрсетілген деректі мұқият тексеріп, ақ-қарасына көз жеткізіп, ақиқатын ашу кезінде – бірде-бір кісінің обалына қалған жайымыз жоқ. Менің тарапымнан еш адамның үстінен қылмыстық іс қозғалмады. Бір жылда осындай 1056 сигналды тексеріппіз. Барлығына да ұлтшылдық жоқ деген қорытынды шығардым. Ұлтшыл болу үшін бір адамға зиян келтіретіндей әрекет жасалуы керек. Соны анықтаймыз, өмірбаянын түгел бастан-аяқ қарап шығамыз. Түсіндіре кетейін, мәселен бір адамды ұлтшыл деп айыптау үшін оның басқа ұлтқа, не сол ұлттың өкілдеріне қарсы істеген қылмысы анықталуы керек. Ең алдымен халыққа зияны бар бүлік шығаратын кісі ме, соны тексеріп қараймын. Бәрін дәлелдеп болған соң шұғыл шара тергеушілері қорытынды жазады. Сол қорытындыларды мен бекітетінмін. Сол жылдары қалалық және облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқармасы Байзақов көшесінде болды. Ал Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Дзержинский көшесінде орналасқан еді. Артынан естідім, жауапты орындар мен мәскеулік әріптестер бірігіп, Республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ғимаратына менің қолым тиген мыңнан аса сигналдардың құжаттарын апарып, қайта қарап, сараптап тексеріпті. Алайда заңға қайшы іліп алар ештеңе таппаған. Шамам жеткенше тек әділдік жолында жұмыс істедім. Таза жүрдім. Жоғарыдағы тексерістер оны дәлелдеді. Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырған, бірінші болып көшеге шыққан жастар, оның ішінде Алматыдағы театр-көркемсурет институтының студенттері еді. Мұның тарихи себеп-салдары болды. Ғасырлар бойы бұғауда, езгіде жаншылған, намысы, рухы тапталған жас ұрпақ үлкен іске тәуекел етті. Қиын қатерлі кезеңге басын тікті. Желтоқсан оқиғасының көрінісі тек қана Алматыда ғана емес, республиканың кейбір қалаларында нөсер бұлтындай дүркіреп өтті.

Желтоқсан оқиғасының маңыздылығын, қасіреттілігін, тарихилығын, бағыт-бағдары мен көксеген мақсатын тарих таразыға салып бағалады. Бұл оқиға Тәуелсіздікке қол жеткізуді аңсаған, еркіндік пен бостандықтың ақ таңын күткен қазақ жастарының кеудесін кернеген кек пен ашу-ызаны, ар-намысты, жаңа дәуірге аяқ басу мен ұлттық рухты арқалап, азаттықтың туын көтеруге жасалған алғашқы қадамы еді. Тәуелсіздіктің туын желбіретуге себеп болған бұл күн ұлт тарихында – ерекше маңызды күн болғаны хақ!

Махат Садық:

Сәт Бесімбайұлы, Сіз Қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қорғаныc министрі болдыңыз. генерал – полковник шеніндегі Сәт Тоқпақбаевқа біздер, журналистер ел тұрғындарын мазалайтын кез келген сұрақты қоя алатынбыз. Бұл өркениетті мемлекеттердегі жоғары лауазым иелерінің жауапкершілігі. Мықты елдер ертеңіне сенеді. Ел басқарған азаматтары Сіз секілді өткен өмір жолы туралы кітап жазады. Бізде сол дәстүр жоқ. Билік тізгінін ұстағандар өз дәуірінде дүрілдейді. Сосын үн- түнсіз жоғалады. Жасалған шаруа көп, соны келістіріп келешек ұрпаққа жазып қалдыру соларға міндет пен парыз ғой. Осы туралы ойыңыз?

Сәт Тоқпақбаев:

Менің өмір жолым туралы кітапты жазудағы басты мақсатым – өзім атсалысқан ел Тәуелсіздігінің бастапқы жылдары мен нартәуекелмен негізін қаласқан күштік құрылымдардың дүниеге келуін көрсету еді. Кітаптың аты «Жаным садаға» деп аталуының өзі менің елім, Отаным үшін өмірімді арнағаным, жолында жаным құрбан дегенді білдіреді. Орыс тіліне Ғосман Төлеғұл мырза аударды. «Честь имею» деп атадым. Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов «Өнегелі Өмір» сериясына енгізіп, тағы шығартты. Ректорға алғысым шексіз!

Сіз дұрыс айтасыз әлемдегі мықты елдердің басшыларының өмір жолы туралы жазылған кітаптар көп. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, әлі бізде де көбейеді деп сенемін. Мұндай кітап жазу үшін, мемлекеттті құруға атсалысу, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу керек. Сонда барып атқарылған істерді қағазға түсіре аласыз. Ондай кітапты халық оқығанда өз бағасын береді. Өтірік қосып, өсіріп, не басқа біреулердің еңбегін өшіріп жазсаңыз да біледі. Қандай іске де –халық таразы.

«Жаным садаға» мен «Честь имею» шыққанда алғашқы данасын Нұрсұлтан Әбішұлына жібердім. Ол кісі оқып, «Бұл –Тәуелсіздік тарихы! Мен оны өз кітапханама қойдым»,- деп хабарлады. Маған бұл ел Тәуелсіздігінің басында тұрған Елбасының еңбегіме берген бағасы деп қабылдадым. «Жасалған шаруа көп, соны келістіріп келешек ұрпаққа жазып қалдыруға солар міндетті ғой»,- дегеніңізге айтарым, мүмкіндігінше өз еңбегін әркім өзі жазғаны дұрыс. Журналистер мен жазушыларды жалдап жазатындар көп. Олар біреудің жан-дүниесін, айырықша тағдырын дәл өзіндей жеткізе алмайды. Өз жүрегіңнен шыққанда, оқырманның жүрегіне жетеді. Ұрпақ сонда ғана түсінеді. Мен өз өмір жолымды өзім жазып шықтым.



Соңғы жаңалықтар