Сәуірде іскерлік белсенділіктің қалпына келуі байқалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сәуірде іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келу белгілері байқалды. Индекс 49,5-ке дейін көтерілді, наурызда 48,2 болған. Бұл туралы Ұлттық банк ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Іскерлік белсенділіктің өсуі тек өндіріс саласында байқалды: индекс 50,5-ке дейін көтерілді (наурызда – 50,0), қалған секторларда 50-ден төмен мәнге ие болды», - дейді Рүстем Оразалин.

Қызмет көрсету секторы мен тау-кен өнеркәсібінде іскерлік белсенділік қалпына келе бастады (сәйкесінше, 49,6 және 49,9), ал құрылыс саласында индекстің төмендеуі 4 ай бойына жалғасып келеді (44,5).

«Барлық салада да жеткізу мерзімі ұзарды, ал құрылыс кәсіпорындары жаңа тапсырыстар көлемі мен жұмыспен қамту деңгейінің айтарлықтай төмендегенін алға тартты», - дейді маман.

Өндірісте және тау-кен өнеркәсібінде тауарлы-материалдық қор көлемі ұлғайған. 2022 жылдың сәуірінде алғаш рет тау-кен өнеркәсібі жеке бөлініп қаралып, осыған байланысты деректер қатары қайта есептелді.

Аймақтар бөлінісі бойынша қарастырғанда, ІБИ-дің ең төмен мәні Алматы мен Ақмола облыстарында (сәйкесінше, 42,9 және 43,1), ал ең жоғары мәні – Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында (сәйкесінше, 56,4 және 55,6) тіркелді.

«Кәсіпорындардың алдағы 6 айға болашақ бизнес-жағдайларға қатысты сенімділігі айтарлықтай жақсарды. Болашақ жағдайларды бағалау - 7,3 (наурызда – (-)12,1). Нәтижесінде ағымдағы және болашақ бизнес-жағдайлардың орташа бағалауын білдіретін бизнес-климат индексі 1,8-ге (наурызда – (-)10,3) теңесіп, айтарлықтай жақсарды», - деп толықтырады Рүстем Оразалин.

Сәуірде жүргізілген сауалнамаға 465 кәсіпорын қатысты: тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 42, өндірісте – 136, құрылыста – 72, қызмет көрсету саласы бойынша – 215.

Еске сала кетейік, әлемдегі геосаяси ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты наурыз айында экономика қысымға ұшыраған еді.

Бұған дейін Ұлттық банктің теңге бағамын тұрақтандыру шараларын жүргізіп жатқаны хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар