Сауыр тауындағы шопандар «Ұлттық ат ойындарынан» шеберлік курсынан өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Кореяда оқып жатқан болашақ авиация инженері Жандолла Мандатұлының арманы - KAZNEWS

KAZNEWS ақпараттық порталына Моңғолияда тұратын қандасымыз, болашақ авиация инженері Жандолла Мандатұлы өз армандарының қалай орындалғанын және Кореяда грантпен тегін білім алу жолдары туралы айтып берген.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Жандолла Мандатұлы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының тумасы. Ол қазіргі күні Корея Республикасының Пусан Ұлттық университетінде авиация инженері мамандығы бойынша білім алып жатыр.

«Болашақ студенттер мамандық таңдау жұмысына өте мән берген дұрыс деп ойлаймын. Өзіңіздің не қалап тұрғаныңызды, және қайда, қандай университетте оқуға болатынын ертерек зерттеу қажет. Сондай-ақ, арманыңыздағы университеттердің қоятын талаптарына бүгіннен бастап дайындалу маңызды болмақ. Мен бала кезімде ұшаққа отыруға әуес болдым. Үлкейгенде ұшқыш боламын деп армандайтынмын. Сол армандарымды орындау үшін оқушы кезімнен бастап ұшқыштар мектебіне қалай қабылдануға болатынын ұстаздардан сұрап, интернеттен көптеген ақпараттар қарайтынмын. Осылай жүрген күндердің бірінде Кореяның Пусан Ұлттық университетінен арнайы ұстаздар Ұланбатыр қаласына келіп университетке қабылдау сынағын ұйымдастыратынын естіп қатты қуандым. Содан өзіме мақсат қойып аталмыш университеттің сынына дайындалдым», - дейді Жандолла Мандатұлы.

Сондай-ақ, Жандолла Пусан Ұлттық университетінің болашақ түлектеріне қандай талаптар қойып, оқуға қабылдайтындығын да айтып берген.

«Пусан Ұлттық университетіне түсудің әртүрлі шарттары бар. Математика, физика және ағылшын тілі пәнінен ұлттық бірыңғай тестілеуден 680-нен жоғары ұпай жинау керек. Халықаралық студенттерге IELTS керек. Мұнда 6 балл болуы шарт. Талапкерге математикадан сынақ тапсыру, ағылшын тілінде эссе жазу міндеттеледі. Сондай-ақ университеттің сұхбаттасуы тағы бар. Мен бұл сынақтардың барлығын сәтті тапсырдым. Осылайша, бүгінгі күні армандаған мамандығым бойынша стипендиямен оқып жатырмын. Пусан қаласы Корея Республикасының екінші мегаполисі. Біздің оқу орнымыздың үлкен кампусы бар. Студенттерге қажетті нәрселердің бәрі дайын. Университет ғимараты мен жатақханасы да заманауи талаптарға сай, соңғы үлгідегі қолайлы технологиялармен жабдықталған. Бұл студенттерге білім алу үшін үлкен шабыт сыйлайды», - дейді Жандолла Мандатұлы.

Расул Кушербаев «Халықтың сүйкті депутаты» мәртебесіне ие болды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасы «Олий Мажлис» Заң шығарушы палатасының депутаты Расул Кушербаев «Халықтың сүйікті депутаты» мәртебесіне ие болды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Өзбекстанның «Олий Мажлис» Заң шығару палатасы депутаттарды рухани және материалдық ынталандыру жөніндегі комиссияның ұсыныстарына сәйкес Мемлекет басшысының бастамасымен заңнаманы жетілдіруде, сайлаушылармен жұмыс жасауда және заң шығару палатасының қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауда белсенділік танытқан бір топ депутатқа «Халықтың сүйкті депутаты» мәртебесін берген. Олардың қатарында депутат Расул Кушербаев та бар. Осы мәртебеге Расул Қыдырәліұлының ие болуы қоғамдағы өзекті проблемаларды көтерудегі белсенділігі, халықты ұзақ жылдардан бері мезі еткен қиын мәселелерді оңтайлы шешім табуына батыл қадам жасаған әрекеті себеп болса керек, өйткені халық аузында бұл азаматтың жұмыстары өте жоғары бағаланып жүр», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Расул Кушербаев осылай істеген жұмыстарының әрқашан халық ықыласына бөленгендігінің арқасында Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттігі – ӨзА жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан тәуелсіз сауалнама нәтижесінде, 2020 жыл Өзбекстанда «Жыл адамы» атанса, 2019 жылда «Жыл депутаты» атанған екен.

Айта кетейік, Өзбекстан Республикасы «Олий Мажлис» Заң шығарушы палатасының депутаты, қандасымыз Расул Қыдырәліұлы Кушербаев Ташкент облысының «Қосағаш» ауылында туып-өскен.

Сауыр тауындағы шопандар «Ұлттық ат ойындарынан» шеберлік курсынан өтті - «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты

Қытайдың Алтай аймағының Жеменей ауданындағы ауыл тұрғындары «Ұлттық ат ойындарының» кәсіптік-техникалық білімдерін үйренуге арналған, бір апталық шеберлік курсынан өтті, деп жазады kazakh.altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, қазақ халқы мекен еткен Алтай жерінде аламан ат бәйгесі, қызқуар, көкпар, теңге ілу секілді ұлттық ат ойындары тарихтан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі ұлттық өнер есептеледі. Осы ұлттық өнер қазіргі күні жергілікті жердің түрлі мерекелік іс-шараларында көпшілікке көрсетіліп, әсіресе сырттан келетін туристердің қызыға тамашалайтын дүниесіне айналған. Сондықтан жергілікті биліктің қолдауымен осы ұлттық өнерді көрермендерге тіпті де тартымды, қызықты етіп көрсету мақсатында Жеменей ауданының Сауыр тауын мекен еткен шопандарға кәсіптік-техникалық деңгейін көтеру мақсатында бір апталық ат спорты өнерінің шеберлік сабағы өткізілген.

«Осы шеберлік сабаққа қатысқан Жеменей ауданы Тосты ауылының тұрғыны Ерқан Дәулетқанұлына 4 жасынан бастап әкесі тайға мінуді үйреткен. Жыл сайын өтіп жататын аудан, ауылдағы іс-шаралардағы ұлттық ат ойындарына ол өнемі қатысып келеді. Ерқан сол жарыстардан талай рет жүлде де қанжығалаған. Ол тілшілерге, қаршадайынан ат құлағында ойнап өсседе, осы жолғы шеберлік сабағынан көптеген техникалық білімдер үйренгенін, алдағы уақытта осы үйренген әдіс-тәсілдерін пайдаланып туристерге ұлттық ойындарды бұрынғыдан да қызықты, думанды етіп шебер көрсетуге құлшынатын айтқан», - деп жазады «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты.

Қазақстан армиясы түрік әскери бронды көліктерін сынақтан өткізді - TRT

Қазақстандық әскерилер түріктің ARMA-8x8 брондалған автокөлігін және алыстан басқарылатын NEFER модулін сынақтан өткізді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қазақстанның Қарағанды облысындағы «Спасск» полигонындасынақтар күндіз және түнгі уақыттарда өткізілді. NEFER жауынгерлік модулі (коаксиалды 7,62 мм пулеметі бар 30 мм 2А42 автоматты зеңбірегі) Қазақстан армиясында пайдалану үшін арнайы жасалған. Ол түнде көру жүйесі мен жылу бейнелеу камерасын пайдаланып түсіруге мүмкіндік береді. Бұдан бұрынғы хабарламада ARMA-8x8 брондалған көлігінің НАТО стандарттарына ие екені және OTOKAR компаниясы тарапынан әскери операцияларда қолдану мақсатымен Қазақстанға тегін тапсырылғаны хабарланған болатын», - деп жазады TRT.


Соңғы жаңалықтар