Саясаттанушы: Ауыл әкімдерін сайлау – демократияның белгісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жасады. Осы орайда жолдауға қатысты сарапшылардың пікірін білген едік. Тоқаев көтерген мәселелерге қатысты саясаттанушы, Еуразия ынтымақтастық институтының бөлім басшысы Самат Нұртаза өз ойын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Strategy2050.kz ресурсына сілтеме жасап.

Саясаттанушының айтуынша, Тоқаев бүгінгі мәлімдемелері арқылы проблемаларды шешуден қашпайтынын көрсетті.

«Бұған дейін елбасы да, президент те 50 минут қана сөйлейтін. Бүгін президент 1 сағат 33 минут сөйледі. Менің ойымша, бұл көптеген проблемамыздың шешілетінін, сонымен қатар мемлекет басшысының мәселеден қашпайтынын көрсетті. Кез келген проблеманы жылы жауып қоймайды. Мәселен, жануарлардың құқығын қорғаудан бастап балалардың құқығын қорғауға дейін мәселені айтты. Үкіметке де бірқатар тапсырманы берді», - деді Самат Нұртаза.

Сонымен қатар ол Тоқаевтың ақша-несие саясатын реттейтін агенттік құрылатынын жөнінде пікір білдірді. Оның сөзінше де, халықтың қаржылық сауаттығын арттыру керек.

«Біздің халық несие алатын кезде келісімшартта жазылған мәтінді толық оқымайды. Оны мойындау керек. Ол мәтінді санаулы ғана азамат оқуы мүмкін, бірақ бәрі емес. Ойсыз несие алатын азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бәлкім университет қабырғасында несие жөнінде, несиенің қайтарымы болу керегін, оның пайызы болатынын түсіндіру қажет. Мысалы, халық той жасауға, шілдехана жасауға несие ала береді. Сапалы ұлт қалыптастыру керек деп жатыр ғой. Ол дегеніміз әр ісін ойланып істейтін адам. Несиені аларда өзінің қалтасын есептеу арқылы алу-алмауды шешіп алу керек. Сонда ғана сапалы ұл қалыптастыра аламыз», - деді саясаттанушы.

Бұдан бөлек Самат Нұртаза ауыл әкімдерін сайлау туралы өз ойымен бөлісті. Оның пайымынша, бұл - демократияның белгісі.

«Ауыл әкімін сайлау процесінің әділ өтуі аудан әкімінің құзырында. Ауыл әкімін сайлау – демократияның белгісі екенін атап өту керек. Елбасы да демократияның соңғы аялдама екенін атап өткен болатын. Алдымен ауыл әкімін, одан кейін аудан әкімін, содан соң қала әкімін сайлаймыз. Осылайша қадам-қадаммен ел болып кетеміз деп есептеймін. Ауыл әкімінің сайлауы – біздің қоғамға берілген мүмкіндік. Сайлау әділ өткен жағдайда, біздің халық деморатияға дайын деп ойлаймын. Ауыл әкімдерін сайлау – бұл мемелкеттің тесті», - деп түйіндеді сөзін.

Соңғы жаңалықтар