Сәйкестік сертификатын заңсыз үлестірудің 15 фактісі анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы мониторингі комитеті сәйкестік сертификатын заңсыз сатудың 15 фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржы мониторингі комитеті Қазақстан Республикасының аумағында сәйкестік сертификатын заңсыз ұсынумен айналысатын компаниялардың қызметін тоқтату мақсатында кең ауқымды жедел шараларды жүзеге асырып жатыр.

Талдау көрсеткендей, бүгінгі таңда сертификатты заңсыз сату ел аумағында кең тараған.

Сертификатталмаған тауарлардың, соның ішінде балаларға арналған заттардың, құрылыс саласының тауарлары мен азық-түлік өнімдерінің құрамында улы заттар, сонымен бірге, олар экологиялық таза емес және зиянды болуы мүмкін.

Сертификаттаудың негізгі мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін өнімдердің, процестердің, жұмыстар мен қызметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, тұтынушылардың мүддесін қорғау.

Алайда кейбір әрекетшіл компания басшылары қарапайым адамдардың мүддесін ескермей, осы маңызды саланы өзінің «пайда табу көзіне» айналдырған.

Тергеу барысында анықталғандай, бұл сертификаттар зертханалық зерттеуді жүргізбестен берілген. Ал сертификат жазып беру үшін кәсіпкерлер пара алып отырған.

Аз уақыт ішінде сертификат сатудың 15 жүйелі фактісі анықталды. Барлық деректерге қатысты коммерциялық сатып алу, басқаша айтқанда кәсіпкерлік саласында пара алу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Астыртын сертификат сату фактілері елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай және Түркістан облыстарында анықталды.

Бұл бағыттағы жұмыс ерекше бақылауға алынған.

Өкілетті органға сертификаттарды заңсыз сатқан компанияларға қатысты рұқсат құжаттарын қайтарып алу туралы ұсыным енгізіледі.

Қаржы мониторингінің мәліметінше, жалған сертификат бергені үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар