Сайлау-2021: Англиядағы локдаунға қарамастан қазақстандықтар белсенді дауыс беріп жатыр

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Англияда жалпыхалықтық локдаун, ал Лондонда төтенше жағдай жарияланған. Коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түріне байланысты жағдай ушығып тұр. Бірақ жергілікті билік Тұманды Альбионда уақытша тұрып жатқан отандастарымызға сайлау учаскесі орналасқан Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне келіп, дауыс беруге рұқсат етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтардың көпшілігі таңертең таңдау жасап үлгерді. Айта кетейік, локдаун мен қатаң шектеулерге қарамастан дауыс берушілердің географиясы ауқымды.

Халық Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен ағылуда: Кембридж, Уорик, Эдинбург, Манчестер және әрине Лондоннан.

Егер басқа қалалардан келушілер қауіпсіздік шараларын сақтау үшін автобус пен пойыздың орнына көлік жалдап учаскеге жетсе, лондондық қазақтар велосипед теуіп келіп жатыр.

Учаскедегілер сайлаудың әділетті әрі ашық және халықаралық стандарттарға сай өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.


«Санитарлық талаптарды сақтай отырып, қазақстандықтардың шетелде дауыс беру конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Айта кету керек, Қазақстан азаматтары әдеттегідей белсенділік танытып отыр. Сайлау учаскесінің ашылғаны туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап 500-ден астам сайлаушы тіркелді. Сонымен қатар сайлауға алдын ала тіркелмеген азаматтардың да қатысуы күтілуде. Сайлаушылардың саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бірақ өкінішке қарай локдаун кері әсерін тигізді» дейді №244 сайлау учаскесінің төрағасы Жанболат Үсенов.

Қатаң карантин шектеулеріне қарамастан халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Лондонда көшеде қазақстандықтарды жиі кездестіре бермейсіз.

Сондықтан сайлаушылар бір-бірімен әңгімелескісі келеді. Бірақ әлеуметтік арақашықтық мейлінше сақталып жатыр.


«Мен - жұмыс бабымен Ұлыбританияда уақытша тұрып жатқан Қазақстан азаматымын. Лондонда отбасыммен тұрамын. Бүгінгі сайлау елдің берекесі мен бірлігін арттырады деп сенемін. Шетелде жүрсек те, осындай маңызды науқаннан тыс қалмайық деп жолдасым екеуміз қоғамдық көлікті пайдаланбай, ковид ережелерін сақтап, велосипедпен келдік» дейді сайлаушылардың бірі Қызылгүл Жүсіпова.

Учаскеге кіреберісте дауыс берушілердің температурасы тексеріледі, санитайзер барлық жерге қойылған. Маска мен қолғаптар да бар.

Тіпті қаламсаптар да пайдаланылғаннан кейін залалсыздандырылады.

Өкінішке қарай, бұл жылы елшілікте дауыс берушілерге қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылмайды. Өйткені санитарлық талаптарға сәйкес рұқсат етілмеген.

Сайлау Лондон уақыты бойынша кешкі 8-де, яғни Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 2-де аяқталады.


Соңғы жаңалықтар