Сайлау: Мәслихат мандаттарының 80% астамы Nur Otan партиясына тиесілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясы барлық деңгейдегі өкілді органдардың басым бөлігін қалыптастырып, мәслихаттағы мандаттардың жалпы санының орташа алғанда 80%-тен астамын құрады.

Бұл жайында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.

«Құрметті достар! Еліміздің барлық аудандарында, қалалары мен облыстарында жаңа шақырылымдағы мәслихаттардың бірінші сессиялары өтті. Біздің фракцияларымыз сайлау қорытындылары бойынша барлық деңгейдегі өкілді органдардың басым бөлігін қалыптастырып, мандаттардың жалпы санының орташа алғанда 80%-тен астамын құрады. Партиямыздың депутаттық корпусы алғашқы күннен бастап сайлауалды уәделерді іске асыруға кірісті. Сонымен, «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламаларының негізінде 2025 жылға дейінгі 216 аумақтық даму бағдарламасы бекітілді. Біздің сайлауалды басымдықтарымыз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен, оның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша қалыптастырылды. Тек праймериз барысында ғана біз азаматтардан 20 мыңнан астам ұсыныс жинадық. Бұдан бөлек үгіт-насихат кездесулері кезеңінде тағы 42 мыңнан аса аманат түсті. Олардың 65%-тен астамы аймақтық бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді» деп жазады партия басшысы.

Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Nur Otan» депутаттары әрбір өңірде, қала мен ауданда барлық сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.

Бауыржан Байбектің айтуынша, әр бағыт бойынша нысаналы индикаторлар мен мерзімдер қойылып, жауапты орындаушылар белгіленеді. Үкіметпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бір ай ішінде әрбір жылға нақты көрсеткіштері бар тиісті жол карталары әзірленіп, жария түрде қарауға ұсынылады.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін ұсынады. Мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде «Nur Otan» барлық деңгейде өзінің сайлауалды уәделерін іске асыруды қамтамасыз етеді! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз» деп түйіндеді сөзін Бауыржан Байбек.


Соңғы жаңалықтар