Сайрам ауданында 103 жастағы кейуана дауыс берді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы денсаулығына байланысты үйінде отырған ардагерлер мен зейнеткерлердің де дауыс беруіне жағдай жасалуда. Сайлау комиссиясының мүшелері осындай азаматтардың үйіне барып, өз таңдауларын жасауын қамтамасыз етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында тұратын 103 жастағы қарт ана Тотыай Төлегенова да бүгін сайлауға бір кісідей дауыс берді. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері саналатын әжейдің 5 ұлы бар. Сондай-ақ, 17 немере мен 54 шөберенің әжесі атанып отыр. Өз кезегінде үйіне келіп, таңдау жасауға көмек көрсеткен комиссия мүшелеріне зейнеткер алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Айта кетейік, аталған аудан тұрғындары сайлау науқанында ерекше белсенділік танытып отыр. Ал, сайлау учаскесіне алғашқы болып келген 5 сайлаушыға арнайы сыйлықтар тапсырылған болатын. Мұндай құрмет сайлауға алғаш рет қатысқан ең жас тұрғынға да көрсетілді. Жалпы Сайрам ауданында үш ауылдық округтегі 12 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар