Щучинскідегі көшеге Қанай би есімі берілді

None
None
ЩУЧИНСК. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Щучинск қаласында Қанай би есіміне көше берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көше атауының берілуіне Щучинск қаласының тұрғындары сонымен қатар, Қанай бидің ұрпақтары мен мектеп оқушылары қатысты.

«Әлемдегі ешбір халықтың, ешқандай мемлекеттің даму тарихында кездеспейтін, тек қазақ ұлтының санасында сақталып, оның қоғамдық өміріне мінсіз қызмет еткен билер соты, олар ұстанған әділдік – біздің өнеге алар, таусылмас құқықтық байлығымыз. Сот билігінің қазақ қоғамындағы ерекшелігі сонша кейбір кездері хан билігімен қатар кей кездерде жоғары болған. Би ханның ақылгөй кеңесшісі, рухани тірегі әрі ұстазы ретінде болған. Би әр уақытта халық атынан сөйледі және оның жанашыры болып саналады» - деді Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров.

Облыстық соттың төрағасы судьялар қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдардың қазақ халқының билерінің есімдерімен ауыл және көше атауларын өзгерту бойынша еңбектерін атап өтті.

«Аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының басшылығымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының негізгі қағидаларын жүзеге асыру мақсатында жүргізілуде» - деп толықтырды Д.Әміров.

Айта кетейік, Қанай би Құттымбетұлы – шешен, батыр, Абылайханның бас кеңесшісі. Ақмола облысының Зеренді ауданында туған. XVIII ғасырлардағы орта жүздің беделді көшбасшысы, сыртқы жауларға қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысушы және ұйымдастырушы, даңқты қолбасшы, қазақ жерін жоңғарлардан азат етуге үлкен үлес қосқан.

Соңғы жаңалықтар