Семейде 142 жыл бұрын салынған ғимараттағы өрт 17 сағаттан кейін сөндірілді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында өрт сөндірушілер 1879 жылғы ғимаратта шыққан жалынды 17 сағаттан кейін толықтай ауыздықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 ақпанда сағат 00.46-да Абай даңғылының бойында орналасқан ЖШС-ның екіқабатты ғимаратында өрт шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел келіп жетті. Ағаштан салынған 1879 жылғы ғимараттың қабырғаларын, еденін, жиһаздарды және жеке заттарды жалын шарпыған.

«Тілсіз жау сағат 17.19-да толықтай ауыздықталды. Өртті сөндіруге 55 адам мен 19 техника жұмылдырылған. Қызыл жалынның жалпы аумағы 600 шаршы метрді құрады», - делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Cемейде 142 жыл бұрын салынған ғимараттың түннен бері өртеніп жатқандығын хабарлағанбыз.


Соңғы жаңалықтар