Семейде «Абайтану мәселелері» ғылыми жинағының алғашқы бес томдығының тұсаукесері өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде көптомдық «Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының алғашқы бес томының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Музейдің ғылыми концепциясының жеті бағытының бірі – басым бағыт деп аталады. Осы басым бағыт аясында 100 томдық «Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағын шығару жоспарланған болатын. Міне, сол жинақтың алғашқы 5 томы жарық көріп отыр.

«Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының бірінші кітабы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты концептуалды мақаласымен ашылды. Осы бес кітаптың маңыздылығы зор. Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керектігін атап өткен. Бұл біздің музей ұжымы үшін ерекше қолдау, әрі үлкен жауапкершілік. Міне, біз хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын осындай жетістікпен қортындылап отырмыз. Болашақта ғылыми концепция аясында зерттеу жұмысы жалғасын таба бермек», - деді музей директоры Тұрдықұл Шаңбай.

Көптомдық «Абайтану мәселелері» ғылыми жинағының алғашқы бес кітабының тұсаукесеріне филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Кәрімов, филология ғылымдарының кандидаты Айбар Қадыров қатысты.

Айта кетейік, «Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының бес томдығын құрастырып баспаға дайындағандар Тұрдықұл Шаңбай мен Мейрамгүл Қайрамбаева. Бұл бес кітап «Жәрдем» баспа компаниясында жарық көрді. Әр кітап 448 беттен тұрады.


Соңғы жаңалықтар