Семейде еліміздегі тұңғыш радионуклидтік терапия бөлімшесі ашылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығында қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеудің бірегей, тиімді және қауіпсіз әдісі енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының Ядролық медицина және онкология орталығына барды.

Онда бүгін радионуклидтік терапияның жаңа бөлімшесі ашылып, бірегей радиойодтерапия курсын өткізу үшін «қалқанша безінің қатерлі ісігі» және «тиреотоксикоз» диагнозы бар алғашқы пациенттер қабылданған.

Ядролық медицина және онкология орталығының өкілдері бүгінгі күні радиойодтерапия метастаздармен және тиреотоксикозбен сараланған қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеудің ең тиімді және қауіпсіз әдісі екенін айтты.

Әлемдегі терапиялық радиофарпрепараттарды қолданумен байланысты барлық емдік процедуралардың 70%-дан астам үлесі осы әдіске тиесілі.

«ШҚО қатерлі ісіктермен сырқаттанушылар саны бойынша алдыңғы орындардағы аймақтардың бірі. 18 мыңнан астам пациент есепте тұр. Қазақстанда жыл сайын қалқанша безінің қатерлі ісігімен ауыратын 600-ге жуық науқас радиойодтерапия жүргізуді қажет етеді. Мұндай орталықтың ашылуы еліміздің барлық онкологиялық қызметі үшін өте маңызды оқиға. Бізде радиойодтерапия әдісі алғаш рет қолданылады, емдеу халықаралық хаттама бойынша жүргізіледі», - деді «Қазақ онкология және радиология» АҚ Басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Семей Ядролық медицина және онкология орталығының іске қосылуы үш кезеңнен тұратынын еске салды.

Осы жылдың сәуір айында радионуклидтік диагностика бөлімшесі ашылды, ол емдеуді ауру асқынбай тұрып бастауға мүмкіндік береді.

Екінші кезең барысында Радионуклидтік терапия бөлімшесі ашылды.

Соңғы кезеңде циклотронды және позитронды-эмиссиялық томографтарды қатарға қосу жоспарланып отыр.

«4 жыл бұрын біз ШҚО-ның денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасын қабылдадық. Барлық медициналық жабдықтарға аудит жүргіздік. «Ана мен бала», «Онкология», «Кардиология» және «Травмотология» бағыттары бойынша медициналық техникамен жабдықтауды орташа халықаралық деңгейге шығару міндетін қойдық. Біз мұны бүгінгі таңда жүзеге асырдық. Адами капиталды дамыту маңызды бағыт. Шетелдік клиникалық мекемелерде 300-ден астам адамды оқыттық. Биыл тек онкологиялық бағыт бойынша 50-ден астам дәрігер шетелге барып білімдерін жетілдіреді. Осылайша, біз жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандарды дамыту жөніндегі міндетті орындаймыз», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар