Семейде жылу мәселесін шешу үшін 1,7 млрд теңге бөлінді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жылумен қамтамасыз етудегі мәселелерді шешу үшін 1,7 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы шаһар басшысы Бақытжан Байахметов әкімдікте өткен жиналыс барысында мәлімдеді. Былтыр жылу жүйесінде апат болып, 580 пәтер жылусыз қалған болатын. Биыл осындай қиындық тумас үшін бірқатар шаралар қолға алынды.

«Жылумен қамтамасыз етудегі мәселелерді шешу үшін 1,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жылумен қамтамасыз ету нысандарына ағымдағы жөндеу жүргізуге – 1,3 млрд теңге, қазандықтарды және жылу жүйесін реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге – 447,6 млн теңге жұмылдырылған. Соның нәтижесінде, «Орталық», «Ғаббасов», «103-103А», «35 квартал», «Мал-дәрігерлік институты» қазандықтары, Физкультурная, Боранбай би көшелеріндегі жылу жүйелері жаңартылады, - деді Бақытжан Байахметов.

Оның айтуынша, Қарағайлы шағын ауданын жылумен қамтамасыз ету үшін «РК-3» қазандығын реконструкциялаудың екінші кезеңі аяқталды. Бұл қазандықтың қуаттылығы сағатына 41,95-тен 70 Гкал-ға дейін артпақ.


Соңғы жаңалықтар