Семейде «Жылу сыйла» қайырымдылық акциясы басталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында «Жылу сыйла» қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Ақпарат орталығының мәліметінше, акцияның өткізілуіне «Зекет» қоры мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мұрындық болып отыр. Ондағы басты мақсат – мұқтаж жандарды көмірмен және ағаш-отынмен қамтамасыз ету. Себебі пандемия кезінде тұрақты табысынан айырылған кейбір отбасыларға отын алу қиыншылық туғызған.

Осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан көмек сұрағандар аз болған жоқ. Мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында осы акцияны ұйымдастырдық. Қиын жағдайға тап болғандарға көмектесуге ниет білдіргендер болса осы акцияға атсалысуға шақырамыз. Бұл акция жыл сайын өткізілуде. Бүгінгі таңда біз 10 тонна көмір жинадық. Бір отбасына 2-3 тоннадан көмір түсіріледі. Алдағы уақытта мүмкіндік болса әр жанұяға 5 тоннадан үлестіруді жоспарлап отырмыз, - дейді «Зекет» қорының мүшесі, Семей қалалық орталық мешітінің наиб имамы Біржан Аманжолов.

Оның айтуынша, биыл жүзге жуық отбасын көмірмен және ағашпен қамтамасыз ету көзделген.


Соңғы жаңалықтар