Сенат сайлау және саяси партияларға қатысты заңдарды қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы мен «Саяси партиялар туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұсынылып отырған заң жобалар Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.

«Заң жобалармен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде отыз пайыз мөлшеріндегі квотаны енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылады. Осы мақсатта, біріншіден, Сайлау туралы конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған міндетті квоталардың болуы туралы талап қойылады. Жалпы, бүгінде әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Сондықтан да, біздің қоғам үшін әйелдер мен жастар жақсы әлеуметтік және саяси әлеуетке ие», - деді Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан.

Осыған орай, халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік беретін болады.

«Екіншіден, енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында қырық мың емес, жиырма мың мүшесі болса жеткілікті. Осы бағыттағы түзетулер Саяси партиялар туралы заңда көзделіп отыр. Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді», - деді Н. Пан.

Ұсынылып отырған заң жобалар әр түрлі алаңдарда мақсатты топтармен қаралды. Атап айтқанда, заң жобалары Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен, саяси партиялардың өкілдерімен және жастармен кеңінен талқыланды.

«Жалпы, осы заңнамалық бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға оң ықпалын тигізетін болады», - деді ол.

Еске сала кетсек, 2019 жылы 20 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында, қолданыстағы саяси жүйені реформалауға бағытталған бірқатар ұсыныс жасаған еді. Мемлекет басшысы партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыз квотаны қарастыру және саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету қажеттілігін атап өтіп «біз партияларға және сайлауға қатысты Заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек» деген болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сәуір айында Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі министрі Марат Бекетаев саяси партияларды құру тәртібі жеңілдейтінін айтқан еді.

Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы кеңінен талқыланған болатын. Құжатта партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квотаны қарастыру ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар