Сенат уран өндіру саласына қатысты құжатты Мәжіліске қайтарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа толықтыру енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының уран өндіру саласындағы заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленді.

«Заң жобасы Сенат комитеттің кеңейтілген отырысында екінші оқылымда қаралды. Құжат еліміздегі уран өндіру саласын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған. Мемлекет басшысының биылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік және жеке операторларды құруға тыйым салу жөніндегі берген тапсырмасын орындау мақсатында Сенат депутаттары заң жобасының бірінші бабының бесінші тармақшасының 14,15,16,17,18-ші және 19-шы абзацты алып тастауды ұсынып отыр. Үкіметтің биылғы 17 ақпанда келген қорытындысына сәйкес, бұл ұсыныс қолдау тапты. Заң жобасындағы барлық түзетулер уран саласындағы карым-қатынастарды әрі қарай жетілдіруге бағытталған. Сондықтан, заң жобасының бастамашыларына, Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғысымызды білдіреміз», - деді сенатор Бауыржан Қаниев.

Баяндалғанды ескере келе, Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына өзгерісті Конституцияның 61-бабының 5-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісіне жіберуді ұсынады.

Шешім қабылдау барысында палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құжат бойынша геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есепке сәйкес бастапқы қорлардан отыз және одан да көп пайыздан асатын уран кен орны қорлары өсімінің көлемдері болған кезде уран өндіруге арналған келісімшартта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны іске асыру жөніндегі қосымша міндеттемелерді белгілеу туралы талаптар енгізіледі.

Бұл құжат бір топ Парламент депутатының бастамасымен әзірленгенін айта кеткен жөн.


Соңғы жаңалықтар