Сенат волонтерлік пен қайырымдылыққа қатысты құжатты қабылдады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар, дәрілік қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленді.

Құжатта 5 кодекс пен 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Бұл заңда ұлттық заңнаманы үйлестіруге және біріздендіруге, сондай-ақ волонтерлік және қайырымдылық қызметті жетілдіруге бағытталған өзге де түзетулер ескерілген.

Құжат волонтерлік пен қайырымдылықты дамытуды ынталандыруға, мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және әлеуметтік қамсыздандыруға байланысты мәселелерді шешуге ықпал ететін болады.

Бұл жөнінде пікір білдірген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң бірқатар қоғамдық қатынасты реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіретінін айтты.

«Осы заң арқылы азаматтардың қайырымдылық пен волонтерлікке жүйелі негізде қатысуын ынталандыру көзделген. Сондай-ақ бұл құжат осындай әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысу мәдениетін дамыту үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастырады. Заңда гранттық қаржыландыру процесінің ашықтығын, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін және олардың тұрақты дамуын арттыруға арналған нормалар бар. Сонымен қатар халыққа дәрілік заттар мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін құқықтық шешімдер белгіленген. Алдағы уақытта бұл Заң елімізде қайырымдылық пен волонтерлік қызметті одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.


Соңғы жаңалықтар