Сенатор дәрігерлер мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына медицина саласындағы өзекті мәселелер және оны дамыту туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор өңірлерге сапары кезінде жергілікті жердегі денсаулық сақтау саласында шешімін таппай жатқан бірқатар күрделі мәселелердің бар екеніне көз жеткізгенін айтты. Сондай-ақ, ол отандық медицина нарығы ауыр сынаққа төтеп бере алмағанын тілге тиек етті.

«Қаншама қабылданған шараларға қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі халық денсаулығын қорғауды дамытудың жүйелі жолын таба алмағаны түсініксіз», – деді М.Бақтиярұлы.

Депутаттық сауал барысында келешекте індет кезеңінде орын алған жағдайдан қорытынды шығарып, сала мамандарының пікірлері мен ұсыныстарын ескеру керек екені де айтылды.

Сонымен қатар медицина саласындағы маман тапшылығы да назардан тыс қалмады.

«Қазір емдеу орындарында 4 мың дәрігер жетіспейді. Тіпті, коронавирустың қаупі сейілмей тұрған ірі орталықтар мен өңірлердегі ауруханалар мен емханаларда 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр», – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету қалалық жерде – 56,8 пайыз болса, ауылда бұл көрсеткіш 16,1 пайызды құрайды. Қазақстанда медицина мамандарын даярлайтын алты жоғары оқу орны бар. Ондағы салалық мамандар даярлайтын медициналық-профилактикалық факультеттер жабылып қалған. Факультет жабылғанымен, мамандардың қажеттігін өмір көрсетіп отыр.

«Ұлт денсаулығы – мықты мемлекет кепілі. Сондықтан адам денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, ажалға араша түсетін дәрігерлер қауымына арнап, «Дәрігерлер мәртебесі туралы» заң қабылдауды ұсынамыз», – деді М.Бақтиярұлы.


Соңғы жаңалықтар