Сенатор өңірлердегі ауыз су тапшылығына қатысты алаңдаушылық білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыз су мәселесін көтерді. Осы орайда Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор келтірген мәліметтерге сәйкес, 2,5 мыңнан астам ауылдық жерде әлі күнге дейін сапалы ауыз су жоқ. Бұның негізгі себебі – бюджеттік бағдарламаның дұрыс бақыланбауы және 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі.

«Солтүстік Қазақстан облысының су құбырларының 67 пайызы немесе 1955 км толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ақаулы техникалық жағдайы төтенше жағдайлардың туындауына алып келіп отыр. Олар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 200-ден астам ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етуге қауіп төндіріп отыр. Магистральдық құбырлардың қатты тозуына байланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65 пайызды құрайды», – деді Е. Сұлтанов.

Сенатор өз сөзінде проблемалық жобаларды да айта кетті. Преснов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру жобасын іске асыру 2014 жылдан бері жүріп жатыр, алайда әлі аяқталған жоқ. 2019 жылы жұмыстарды орындау қарқынының төмендігіне байланысты 2,9 млрд теңге игерілмей, бюджетке қайтарылған. 2020 жылы жобаны жалғастыруға 1,1 млрд теңге бөлінді, бірақ бұл қаражаттың да игерілмеу қаупі бар.

«Осы мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, Сізден Солтүстік Қазақстан облысының ауыл халқын сумен жабдықтау проблемаларын жою бойынша тиімді шаралар қабылдауыңызды және заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», – деді Сенат депутаты Ерік Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар