Сенатта нәтиже көрсетпей отырған 11 млрд теңгелік жобаның мәселесі көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутат Нариман Төреғалиев Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жүзеге асырылуға тиіс болған «Сырдария және Талап топтық су құбырының құрылысы» жобаларына қатысты проблемаларды көтерді. Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдің атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба бойынша ауданның 28 елді мекенінде тұрып жатқан 43 мыңға жуық тұрғын ауыз сумен қамтылу керек еді.

Сырдария топтық су құбыры 5,2 млрд теңге қаржыға салынып, пайдалануға берілді. Ал, Талап топтық су құбырының құрылыс жұмыстарына 5,5 млрд теңге жұмсалған.

Депутаттың айтуынша, 11 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған, 2014 жылдан бастап жүргізілген жобаның түпкілікті нәтижесін халық көрмей отыр. Себебі, Талап су өндіру кешенінде қазылған 8 ұңғымадан құм аралас су шығып жатыр. Сонымен қатар, аталған екі топтық су құбыры сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерінің тізбесіне енгізілмеген. Яғни, халық ауыз суға толық тарифпен төлеуге мәжбүр болады.

«Қазіргі таңда ауыз су халыққа күніне 1-2 сағатқа беріліп, уақытпен шектелген. Осы жобалардың толық іске қосылмауы салдарынан тұрғындар ауыз суды аулада орналасқан шахталық құдықтардан немесе кіші ұңғымалардан алып ішуге мәжбүр», – дейді сенатор.

Депутат өз сауалын Премьер-Министрдің орынбасарына жолдай отырып, Талап және Сырдария топтық су құбырларының іске қосылуын жылдамдатып, Тізбеге енгізіп, субсидиялауға қатысты мәселелерін шешуге ықпал жасауын сұрады.


Соңғы жаңалықтар