Серік Бердімұратұлы дзюдодан Моңғолия чемпионы атанды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Серік Бердімұратұлы дзюдодан 2020 жылғы ел чемпионы атанды - kaznews.mn


Дзюдодан Орхон аймағында өткен Моңғолия чемпионатында, 100 келі салмақта белдескен Серік Бердімұратұлы осымен екінші мәрте ел чемпионы атанды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Серік Бердімұратұлы жартылай финалда Д.Цэрэннямды ұтса, финалда О.Хангал-ды соңғы 43 секундта таза әдіспен жеңді. Естеріңізге салсақ, Серік Бердімұратұлы 2019 жылы алғаш рет дзюдодан ересектер арасында ел чемпионы атанған болатын. 2014 жылы дәл осы салмақта ел біріншілігінің күміс жүлдесінe, 2017 жылы қола жүлдесіне ие болған», - деп жазады KAZNEWS.


Түрік ағыны құбыр желісі арқылы табиғи газ тасымалданды - ТРТ


ГазПром Түрік ағыны құбыр желісі арқылы алғаш рет 1 миллиард текшеметр табиғи газдың тасымалданғанын айтты, деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар порталы.

«Ресейдің ГазПром компаниясы жасаған мәлімдемеде осы айдың басында іске қосылған «Түрік ағыны» арқылы алғаш рет 1 миллиард текшеметр табиғи газдың 54 пайызы Түркияға, 46 пайызы Болгария-Түркия шекарасына жіберілген. Орыс газын Түркия және Түркия арқылы Еуропаға жіберген Түрік ағынының ашылу рәсімі 8 қаңтарда Стамбулда өтіп, президент Режеп Тайып Ердоған және Ресей президенті Владимир Путин қатысқан болатын», - деп жазады ТРТ.


Шыңжан өлкесі шетелден медициналық маскалар сатып алды – Тяньшаньнет


Шыңжан өлкесінің орталғы Үрімжі қаласына 29 қаңтарда шетелден импортталған эпидемияға қарсы қолданылатын тауарлар жеткізілді, деп жазады «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

Ақпарат көзінің дерегінше, Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық өлкесінің Сауда департаменті Қытайда тараған коронавирусқа байланысты елдегі медициналық маскаларға қауырт қажеттілік туындаған соң, шетелден медициналық маскаларды импорттауды ұйымдастырған. Келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстаннан 1,5 миллионнан астам медициналық бетперде мен 300 қорғаныс киімі сатып алынған. Сондай-ақ, қазіргі күні Қытай елі коронавирусқа байланысты бүкіл әлемнен медициналық қажетті тауарларды жеткізуді қолға алған.


«Шыңжаңдағы коронавирустың таралуынан сақтанып, медициналық бетперде тапшылығын болдырмас үшін кәсіпорындар соңғы күндердің өзінде, нарыққа қосымша 2 миллионнан астам медициналық маскалар шығарған. Ал Қытайдың Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, қытай әлемдегі медициналық маскалар өндірісмен айналысатын және оны шетелге экспорттайтын ең ірі ел болған. Оның жылдық өндіріс көрсеткіші әлемдік нарықтың 50 пайызын ұстайды. Елдегі өндіріс орындары күніне 20 миллионнан астам медициналық маскалар шығаруға қауқарлы», - деп жазады «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

Соңғы мәліметтер бойынша, Шыңжанда 18 адам коронавирусты жұқтырған. Мұның ішінде 5 адамның сырқаты ауыр, өлген адам жоқ. Ал, қазірге дейін ауруханадан науқасы айығып шыққан адам жоқ. Сонымен бірге науқастармен жақын қарым-қатынаста болған 902 адам медициналық бақылауға алынған.


Моңғолия Қытайға қайтарымсыз көмек көрсетеді - kaznews.mn

Моңғолия Үкіметі Қытай Халық Республикасына 200 мың АҚШ доллар көлемде қайтарымсыз көмек көрсетеді, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Бұл туралы Қорғаныс министрі Н.Энхболд Үкіметті өкілі ретінде Моңғолия Парламентіне коронавирустың жаңа түрінен сақтану шаралары бойынша елде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыру барысында айтқан.

«ҚХР-ына коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қайтарымсыз көмек көрсетілетін болды. Оны дипломатиялық жолмен ҚХР тарапына жеткіземіз. Қиын-қыстау кезеңде көршімізге қолдан келгенше көмек көрсеткен дұрыс деп санадық», - дейді министр Н.Энхболд.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Қытайдағы коронавирустың жаңа түрі өршуіне байланысты, 26 қаңтар күні Моңғолия Үкіметі ҚХР-мен арадағы көлікпен қатынайтын барлық шекара бекеттерін белгісіз уақытпен жабу туралы шешім қабылдаған.


Қазақстан JAC автокөліктерін Өзбекстанға экспорттайды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында жасалған Қытайдың JAC S3 және JAC S5 жол талғамайтын автокөліктері алдағы уақытта Өзбекстанға экспортталады, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«KazakhЕxport-тың» хабарлауынша, Қазақстан тарапы 766 дана, жалпы құны 11,8 миллион долларды құрайтын JAC көліктерін сату жөнінде компанияның экспорттық-сақтандыру төрағасы Руслан Исаков пен «Узавтосаноат» АҚ төрағасы Шавкат Умурзаков келісімге қол қойған. Келісімде автокөлік экспортынан бөлек «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен «UzAuto Motors» арасында автомобиль жиынтықтарын жеткізу туралы да келісім жасалған. Қазірде «СарыАрқаАвтоПром» ЖШС зауытында JAC маркалы автокөліктерінен басқа SsangYong, Peugeot, Toyota, Hyundai маркалы автокөліктер шығады», - деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.


Трамп пен Обама Брайант отбасына көңіл айтты - ТРТ


Америкалық атақты баскетбол ойыншысы Коби Брайант Калифорнияда тікұшақ апатынан қаза тапты. Осыған байланысты АҚШ басшылары Брайант отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар порталы.

«Апатта 9 адам көз жұмған, олардың арасында атақты баскетболшы мен оның 13 жасар қызы бар. АҚШ президенті Дональд Трамп ақпарат желісінен жасаған мәлімдемесінде Коби Брайанттың қаза тапқанын айтып: «Суыт хабар болды» деп жазды. Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама ақпарат желісінен жасаған мәлімдемесінде: «Коби доп майданында аңызға айналды. Гианадан айырылу бір отбасы ретінде жүрегімізді өртеді. Мишель екеуміз Ванесса және бүкіл Брайант отбасына осындай теңдесі жоқ қайғылы күнінде сүйіспеншілігіміз бен дұғаларымызды жолдаймыз» деді», - деп жазады ТРТ.


Шавкат Мирзияев Тұңғыш Президентті еске алып құрмет көрсетті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


30-ші қаңтар күні Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президентінің туған күніне орай Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев, Ислам Каримовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.


«Мемлекет басшысының шешімімен Тұңғыш Президенттің дүниеге келген күнін, яғни 30 қаңтарды атап өту жақсы дәстүрге айналды. Шавкат Мирзияев «Бұл күнді лайықты өткізу біздің тарихымызға, тәуелсіздігімізге болған құрметіміз бен ұлт ретінде мәдениетімізді көрсетеді» деген болатын. Тұңғыш Президентті еске алу шарасында құран оқылып, оның ел үшін атқарған ірі істері мен асыл адами қасиеттері туралы айтылды», - деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.





Соңғы жаңалықтар