Серік Негимов: Президент Жолдауы – ел өркендеуінің алғышарты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы - еліміздің өркендеуінің алғышарты. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр жыл сайынғы Президент Үндеуі мен Жолдауы жаңалықтарымен, құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді. Өйткені Перзидент Жолдауы - еліміз үшін жыл сайынғы басты құжат. Президенттің бұл жолғы Жолдауы Қазақстан экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналып отыр. Осыған орай бұл Жолдау бүкіл халықтың көңілінен шықты. Қазір ол мемлекетіміздің барлық аумақтарында, басқару, оқу-өндірістік салаларда, мемлекеттік емес ұйымдарда кең қолдау тауып отыр деп ойлаймын», - деді ол.

Ғалымның атап өтуінше, Жолдаудың ерекшелігі - мемлекетіміздің және халықтың алдағы кезеңдердегі даму жолын айқындап беріп отырғандығында. Сонымен бірге осы жыл әлемді алаңдатқан коронавирус індетіне қарсы сақтық шаралары да аталып өтті. Президент төтенше жағдай мен жеті айлық карантин кезінде тынбай жұмыс істеп келе жатқан дәрігерлерге, әскерилерге, құқық қорғау қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, еріктілерге шын жүректен алғыс айтты.

«Ең бастысы, біз халықтан ештеңе жасырмай, індеттен қаза тапқандар туралы ашық ақпарат бердік. Қаншалықты ащы болса да, жағдайды ашық айтып отырдық. Күрес әлі жалғасуда», деген Президент коронавирус індетімен күресу әлі жалғасатынын, сондықтан босаңсымау керектігін ескертіп өтті. Сонымен қатар Президент Жолдауда жеделдетілген экономикалық жаңғырту - үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жалғасы екені көрсетіліп, осы жоспар аясында ауыл шаруашылығын дамытып, жаңа кәсіпорын ашу, қазақстандық азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі айтылды. Міне, бұның бәрін Мемлекет басшысының дұрыс шешім қабылдағандығының жемісі деп білемін», - деді профессор.

Серік Негімов Жолдаудың тағы бір ерекшелігі - жұмыссыздық деңгейін азайту, шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, өндірістің сабақтас салаларын ұлғайту, индустрияландырудың өңірлік бағдарламасын жасап, жүзеге асыру жолдары айқын көрсетілгендігінде екендігін айтады.

«Жолдаудың басты ерекшеліктері - ең алдымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде елді индустряландыру міндеттерін алға қойғандықпен, агроөнеркәсіп кешенін дамытумен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, макроэкономикалық саясаттың жүзеге асырылуының негізділігімен байланысты. Сонымен қатар Жолдау салық жүйесін Қазақстанның жаңа сатыдағы даму міндеттерімен сәйкестендіру қажеттілігін алға қойғандықпен, инфляцияға қарсы күресті күшейтудің өзекті екендігімен, әлеуметтік саладан басқа, өзге барлық бағыттар мен кадрларды қысқарту арқылы мемлекеттік шығындарды азайтудың өзекті екендігімен ерекшеленеді. Жолдауда Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесін жетілдіруге, қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге, жалпы Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың өзекті мәселелеріне де ерекше мән берілген. Алға қойылған осындай келелі мақсаттарға жету үшін елімізде қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге, құқық қорғау органдарының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы қызметін жетілдіруге баса мән берілді, бизнеске заңсыз араласуды болдырмауды қамтамасыз ету міндеттері жүктелді. Жолдауда қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға айрықша мән берілді. Заңдылықтың қатаң сақталуы мәселелерімен бірге, елімізге өте қажетті «Өнеркәсіп саясаты« туралы заңның керектігі аталып өтті», - деді филология ғылымдарының докторы.

Ол Жолдауда мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын нығайту екендігіне ерекше назар аударылғандығын айтады.

«Сондай-ақ білім беру бойынша да өте қуанарлық жәйттар бар. Басқасын айтпағанда, мұғалімдердің жалақысы 2021 жылдың қаңтарынан 25 пайызға өсетін болды және «Жас ғалымдар» жобасына 1 000 грант бөлінетіндігі айтылды. Бұл ғылымды өркендетудің дүниежүзілік стандартына сәйкес келеді. Қысқасы, Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауы еліміз бойынша өрелі міндеттерді алға қойып, жұртшылықты жігерлендіріп отыр. Бұл міндеттердің орындалатынына сенімім мол», - деді Серік Негимов.

Фото: e-history.kz
Соңғы жаңалықтар