Серік Нұркенов: Қазақстанда медициналық физика мамандары тапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика мамандығының PhD докторы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Серік Нұркеновтің отандық медицинаға қосқан үлесі зор. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау әдісін «ядролық медицина» саласымен жолға қойған білгір маманның еңбегі бүгінде лайықты бағаланып, Серік Нұркенов «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына еніп отыр.

- Серік Амангелдіұлы, көпшілікке отандық медицинаға орасан зор үлес қосқан адам ретінде танымалсыз. Сіздің бастамаңызбен жолға қойылған «Ядролық медицина» бағыты туралы айтып берсеңіз...

- Біздің амал-әдіс алдын ала ісіктерді анықтайды. Ең алдымен, біз дәрігер емес, медициналық физик екенімізді атап өткім келеді. Біздің бағытымыз - ядролық дәрі-дәрмектерді өндіріп, қолданыстан кейін науқастарды зерттеу. Ол - позитронды-эмиссионды томография/компьютерлік томография деп аталады. Сол арқылы дәрігерлер науқастың қай жерінде қандай ісік барын ерте кезеңде анықтайды.

Біз бериллий негізіндегі жаңа термотөзімді нано-жабындылар әзірледік. Олар ядролық медицина, ғарыштық және ядролық энергетика саласында маңызды практикалық қолданысқа ие. 2009 жылдан бері Республикалық диагностикалық орталығының (қазір ол Назарбаев Университетіне қарасты «University medical Center») ядролық медицина бөлімінде еңбек еттім. Онкологиялық, кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеу тиімділігін бағалау, сондай-ақ емдеу әдістемесін өзгертуге себеп болатын метастатикалық зақымдарды анықтау мақсатында иондаушы сәулелердің ашық көздерін қолдана отырып, диагностикалық зерттеулерді жүзеге асырдық. Бұл тұрғыда Қазақстандағы алғашқы медицина физигі боламыз.

Мысалы, радиоактивті сипаты бар заттар ағзаға енгізілгеннен кейін физиологиялық және патологиялық процестерге қосылады. Бұл онко-процестерді (ісік жасушалары) ең ерте кезеңінде жылдам анықтауға мүмкіндік береді.

Осылайша, жоғары дәлдіктегі және ақпараттық позитронды-эмиссионды томография/компьютерлік томография зерттеулері, яғни «Ядролық медицина» бағыты Қазақстанда 2010 жылдан жасала бастады.

10 жылдың ішінде Қазақстан бойынша 17 мың адам біздің әдісіміз бойынша зерттелді. Бұл дегеніңіз - құтқарылған мыңдаған адамның өмірі. Егер науқаста аурудың белгілеріне қатысты күдік болып жатса, бұл томография тегін жүргізіледі. Облыстар мен аудандардан бағыттама бойынша жіберілгендер томографиядан тегін өтеді. Себебі, мемлекеттен тегін медициналық көмек көлемі бойынша зерттеу тегін жүргізіледі. Ал егер азаматтар өзі үшін өтем десе, онда ақша төлеп өтеді.null

- Сіз тапқан амал-әдіс қазіргі уақытта отандық медицинада қаншалықты ауқымды деңгейде қолданылып жатыр? Бұл зерттеулер облыс орталықтарында қаншалықты қолжетімді?

- Облыс орталықтары мен қала, аудандардан азаматтар зерттеуден өту үшін елордаға келеді. Бүгінгі күні астанада бізде зерттеу жүргізетін екі орталық бар.

- Медициналық физика бойынша студенттерді дайындағаныңызды естідік. Сіздің шәкірттеріңіз қазіргі таңда онкологиялық ауруларды ерте анықтау диагностикаларын жүргізіп жатыр ма?

- Өкінішке қарай, Қазақстанда медициналық физика мамандығы бойынша мамандар жоқ. Ал ядролық технологияларды қолданудың келешекте маңызы өте зор. Себебі, ауруларды ерте анықтау және оны емдеу бүкіл әлемде ядролық технологиялар арқылы жасалады. Біз де қалыс қалмауымыз керек.

Мен 2011 жылы ЖОО студенттері үшін екі нақты курсты әзірледім. Олар «Ядролық медицинаның физикалық негіздері» және «Медицинада ядролық амал-әдістерді қолдану» курстары деп аталады. Осы екі курс бойынша қазіргі уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ядролық физика халықаралық кафедрасында сабақ беріп жүрмін. Осы уақытқа дейін медициналық физика бойынша 15 түлек даярланып, олардың бәрі Президент істері басқармасының клиникасында, Назарбаев университетінің республикалық диагностикалық орталығында, Алматы мен Семейдегі онкологиялық орталықтарда еңбек етіп жүр. Олардың бәрі осы бағытта дипломдық жұмыстарын жазды, шыңдалып, жұмыстарын жүргізіп жатыр.

- Яғни, ол шәкірттеріңіз де қатерлі ісік ауруларын сіздің амал-әдістеріңіз бойынша анықтай алатын мамандар ғой?

- Әрине. Осы бағытта олар жұмыс істей алады. Онкологиялық орталықтар басқа өңірлерде ашылса, ол өңірлерде де жұмыс істеп кетуге қауқарлы. Тәжірибелері мол. Нақты өндірістік практикаға қатысқан кадрлар.

- Елімізде медициналық физиканы дамытудағы жоспарыңызбен бөлісе аласыз ба?

- Әлбетте, мен бұл бағыттағы жұмысымды жалғастыра беремін. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елордада жаңа ұлттық онкологиялық орталықтың іргесі қаланғалы жатыр. Ол орталыққа ядролық технологиялар енгізілетін болады. Менің ойымша, бұл саланың маңызы өте зор. Себебі, томотерапия, тераностика, протонды терапия қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру үшін ғана емес, ұлттың ұзақ ғұмыр жасауында да, ісік ауруларын азайтуда өте маңызды салалар. Физик ретінде айтарым, онкологиялық аурулар мәселесін шешу - атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданумен тікелей байланысты.

Мен мейлі қалада, ауылда тұрсын әрбір азамат осы емдеу әдісін тегін алуы керек деп есептеймін! Елімізде алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес онкологиялық орталық ашылады. Қазіргі уақытта бұл бағытта кадрларды даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мен бүгінгі күні жасыл технология саласында еңбек етіп келемін. Тұңғыш Президент - Елбасының бастамасымен құрылған, ЭКСПО мұрасы ретіндегі халықаралық орталықтамын.null

- Медициналық физиканы әлемдік медицинадағы трендтердің қатарына жатқызуға болатын секілді...

- Әрине. Қазіргі таңда біздің еліміздің жастарының талпынысы, дарыны мен білімге деген құлшынысы ерекше қуантады. Менің ойымша, кез келген салада әлемдегі трендтерден әсте қалып қалмау керек. Абайдың «Өзіңе сен өзіңді алып шығар. Еңбегің мен ақылың екі жақтап» қағидатына сүйенер болсақ, өткенді ұмытпай, тарих шамының сәулесімен болашаққа ұмтылсақ, алар асуымыз асқақ болмақ. Жаһандану заманының сын-тегеуріні Абайша айтқанда «қолыңызды кеш сермеуді» кешіре бермейді.

Жаһандану заманында жаңғыруға бет алдық. Қауашағында сәулесі бар кез келген адам үшін айтылар ой түсінікті - жақсысын ал, жаманын қабылдама, еңбек, адалдық жолынан адаспа! Өзің үшін ғана емес, шамаң жетсе, өзге үшін де қамқор бола білсең - азамат болғаның. Жаңғыру, бәлкім, осыдан басталар. Әр адам өз ұрпағының болашағына жауапты екенін сезіне білуі керек.

- Сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар