Шағын мұнай өңдеу зауыттарына жеңілдіктер алынып тасталуы мүмкін - Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шағын мұнай өңдеу зауыттарына қатысты салықтық және кедендік жеңілдіктер алынуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мұнай өңдеу саласын реформалау жөніндегі ұсыныстары қаралған болатын. ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов шағын мұнай өңдеу зауыттары шығаратын өнімнің сапасын арттыру үшін оларға техникалық реттеу талаптарын күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ, ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес келмейтін мұнай өнімдерін шығаратын шағын мұнай өңдеу зауыттарына салықтық және кедендік жеңілдіктерді алып тастау қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай жөнелту кезінде теміржол қызметтерін көрсету тұрғысынан бағаның негізсіз өсуін және жекелеген компаниялардың бәсекесіз қызметін болдырмау үшін тарифтерді төмендету туралы да әңгіме болды.

Сонымен қатар, Премьер-Министр субъектілердің шектеулі тобына жеңілдіктер ұсынбау үшін нарықтың барлық қатысушысына МӨЗ-де мұнай өнімдерін сақтаудың бірыңғай регламентін әзірлеуді міндеттеді. Мұнай өңдеу зауыттарында негізсіз өндірістік шығындарды болдырмау мақсатында олардың бақылау және қауіпсіздік жүйелеріне аудит жүргізу тапсырылды.

«Бұл бағытта бүкіл технологиялық процесті қамти отырып, бақылаудың цифрлық технологияларын енгізу қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Жалпы, Үкімет басшысы айтылған ұсыныстарды қолдап, кейбіреуіне түзетулер енгізуді және оларды іске асыру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Отырыс барысында сұйытылған газ нарығын, атап айтқанда, оның өнімін өнеркәсіптік қайта өңдеушілерге сату, сондай-ақ тасымалдау және сақтау бойынша демонополизациялау шаралары қаралды.

Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға бағалық сөз байласуға әкелетін жағдайларды анықтауды және осы салаға қажетті нарық тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар