Шәкірттерім шертілмей жүрген қазақ күйлерін кеңінен насихаттаса деймін - күйші

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Әр қазақ шаңырағының төрінде ілулі тұратын қара домбыраны халқымыздың қалай құрметтейтіні белгілі. Алайда заман ағымына қарай бұл дәстүріміз ұмыт қалып бара жатқан жоқ па? Қазіргі уақытта жастардың қолынан қазақтың қасиетті домбырасын қаншалықты жиі көре аламыз? Бұл сұрақтарға Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы Мадияр Сүлейменов жауап берді.

- Домбыраны алғаш қолға алғанда неше жаста едіңіз? Қазақтың қасиетті аспабына махаббатыңыз бірден оянды ма? Әлде уақыт өте келе түсіндіңіз бе?

- Домбыраны бірінші рет қолға алып, шерте бастағанда жасым жетіде еді. Домбыраға қызығушылығым бірден оянды, ал нақты күйге деген пәк сезімді уақыт өте келе түсіндім.

- Неліктен домбыра? Неге басқа музыкалық аспапты таңдамадыңыз?

- Дүниеге келген күннен бастап домбыраның үніне қанық болдым. Атам Шегебай Сүлейменұлы ауыл-аймаққа танымал күйші еді. Қанмен келген қасиет пе, білмеймін, бірақ менің домбырадан басқа аспаптарға бүйрегім бұрған емес. Бұл аспаптың үні, ырғағы ішкі жан дүниемді ақтарып тастайтындай сезім сыйлайды. Сөзбен айта алмаған сезімді домбыраның күшімен жеткізе білу мен үшін маңызды.

- Алғашқы үйренген күйіңіз қандай болды?

- Алғашқы үйренгенім - халық күйі «Кеңес» еді. Оны үйренуге маған бір апта уақыт жеткілікті болды. Халық арасында «Күй басы – Кеңес» деген сөз бар. Күйдің шығу тарихы да қызық. Қазақтар ежелден ел ісін билер кеңесі арқылы шешіп отырған. Ірі жиындарға халық күйшілері де қатысқаны белгілі. Кеңес күйі осындай тарихи жағдайда пайда болған.

- Ұстаздарыңыздан жүрек түбіне жеткен қандай ерекше сабақ, қандай өнеге алдыңыз? Неліктен ол есіңізде қалды?

- Ұзтаздарымнан алған үлгі-өнеге, тағылымым көп. Күйді қалай сезінуді, қалай түсініп тартуды және әртүрлі күйшілік мектептердің орындау үлгісін, мәнерін, шерту үрдістерін үйренген сабақтар ерекше әсер берді. Ұстазым - Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев. Ол кісіден үйренген шертпе күйдегі әртүрлі әдіс-тәсілдер - мен үшін үлкен өнеге, асыл қазына. Әр сабағы менің жүрегіме бойлай білді деп айта аламын.

- Шәкірттерге күй шерту техникасынан басқа қандай ерекше тәлім бергіңіз келеді?

- Шәкірттерім ел арасында шертілмей жүрген, естілмей жүрген күйлерді жарыққа шығарып, оларды зерттеп, жұртқа кеңінен насихаттаса деймін. Жалпы ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына бағыт-бағдар бергім келеді. Ұстаздық еткеніме 6 жыл болды. Оқушыларым - облыстық, республикалық байқаулардың лауреаттары. Осы 6 жылда менің сыныбымды 5 оқушы тәмамдады. Қазіргі таңда сыныбымда 6 оқушы және студент тәлім алуда.

- Қағыстың да неше түрі бар. Сізге қайсысы жақын?

- Ия қағыстың, шертістің неше түрі бар. Маған жақыны - шертпе күй дәстүрі, шертпе қағыс. Шертпе күйлер негізінен лирикалық сезімге бай, пәлсапашылдыққа бейім. Шертпе күйде ойға шомып, жан-дүниеге түрткі салатын сыршылдық басым. Ең көп тараған шертпе күйлер - Арқаның күйлері деп есептеледі. Сарыарқа жерінде күй дегенде алдымен аузымызға абыз Кетбұғыдан бөлек, керей батыры - Байжігіт, арғынның аты аңызға айналған ақылманы – Тəттімбет сері түседі.

Осылардың ішінде Арқа мектебінің басында тұрған тұлға - сөз жоқ, Тəттімбет екені даусыз. Тəттімбетше күй тарту үрдісі осыдан кейін Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Əбди, Итаяқ, Əбікен, Аққыз, Мағауиялар арқылы дамып, шертпенің даңқы мұқым қазаққа жайылды.

- Ұлттық домбыра күнін атап өту еліміз үшін қаншалықты маңызды?

- Қазіргі таңда ұлттық өнерге деген сый-құрмет арта түсуде. Ұлттық өнерге ден қойып, қызығушылығы артқан шығармашыл жастар көп. Домбыра үйренуге деген сұраныс арта түсуде десем жалған айтпаспын. Сондықтан Ұлттық домбыра күнін атап өту ол өте дұрыс дүние болды. Елбасымыздың қалыптастырған осы атаулы мерекесі жақсы бастама. Ол ұлттық құндылығымызды ұлықтау, домбыраның дәрежесін жоғары деңгейде ұстау ұлтымыз үшін, келешек ұрпақ үшін өте маңызды деп білемін.


Соңғы жаңалықтар