+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиырма жылдық жолы

2021 жылғы 7 қыркүйек 10:20
Бөлісіңіз:
Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиырма жылдық жолы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергеновтің мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

***

Жиырма жыл бұрын, жаңа мыңжылдықтың табалдырығында Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары Шанхайда жиналып, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру декларациясына бірлесіп қол қойды. Жаңа ұйыммен бірге кооперативтік қауіпсіздік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа моделі туындады.

Еуразия кеңістігінде кең ауқымды ықпалы бар ірі аймақтық бірлестік пайда болды. Бұл бірлестік аймағымыздағы мемлекеттердің қауіпсіз дамуына жаңа жағдай жасады. Ол елдердің түрлі әлеуметтік-саяси жүйелермен бейбіт байланыс құратын жаңа ынтымақтастық тұжырымдамасының, жаңа сұхбат форматының нышанына айналды.

ШЫҰ ауыр дағдарыс жағдайында да әлеуеті мен мүмкіндіктерін паш етіп, шағын аймақ форумынан жаһан мойындайтын биік деңгейге көшті. Бұл аралықта ұйым көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Қолыңыздағы мақала сол жетістіктердің ең іргелісіне тоқталмақ.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының прототипі - «Шанхай бестігі» Ресей, Қытай, Орталық Азия елдерінің шекара мәселелерін бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік берді.

1991 жылы КСРО құрамында болған мемлекеттер мен ҚХР шекара мәселелерін шешуі тиіс болды. Кеңес одағы мен Қытай қарым-қатынасының тарихын білетіндер бұл мәселенің сыртқы саясат тұрғысынан баршаға ортақ, бірдей өзекті болғанын түсінеді.

Бұл мақаладан гөрі оқырмандарға Кеңес Одағы мен Қытай қарым-қатынасын терең зерттеуге бағытталған көптеген ғылыми ізденістер екі әлем арасындағы қарым-қатынас ерекшелігін жетік түсінуге мүмкіндік беретіні анық. Нәтижесінде, барлық тарихи және саяси нюанстарға қарамастан, ҚХР, РФ, ҚР, ТР, ҚР басшыларының прагматизмі мен тату көршілік орнату мақсатында ақылға қонымды ымыраға келуі 1996 жылы диалогтың бірегей саяси формуласын табуға мүмкіндік берді.

Бүгінде шекара мәселесі конструктивті түрде шешіліп қойған. Оның аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрған алғашқы бестікке мүше барлық елдердің мүдделері ескерілді.

ШЫҰ өзара сенім мен тең диалог алаңына айналды. Шекара мәселелерін бейбіт және өзара тиімді шешу Шанхай бестігінің барлық тараптарының ұстанымдарының бірізділігіне және барлық саяси келісімдердің орындалуын бұлжытпай ұстанатындығына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл аймақтағы сенімді дамытудың берік негізі болды.

Осылайша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің экономикасының көлеміне, әскери әлеуетіне және халықаралық салмағына қарамастан, дауыс теңдігіне негізделген бірегей «Шанхай рухы» пайда болды. Егемендікті, аумақ тұтастығын құрметтеу және мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, күш қолданудан бас тарту – ШЫҰ жұмысының принципі.

Ұйым жиырма жыл бойы ішкі саясат ұстанымына адалдық сақтап, сыртқы істерде ашықтықты, блоктарға қосылмау мен үшінші елдерге қарсы шықпау принципін ұстанды. Бұл уақыттың ішінде Шанхай ұйымы Қытай, Ресей, Орталық Азия елдеріне, 2017 жылдан бастап Үндістан мен Пәкістанға конструктивті диалог пен ынтымақтастықты қолдау алаңын ұсынып, негізгі миссиясын сақтап келеді.

Ассоциация жұмысына бақылаушы елдер – Моңғолия, Ауғанстан, Беларусь және Иран, сондай-ақ диалог бойынша алты серіктес – Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Түркия, Шри-Ланка қатысады. Бұл мемлекеттердің басшыларын қосқан өмірдің барлық деңгейі мен көптеген саласын қамтитын кездесулер ШЫҰ шеңберінде екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік береді.

ШЫҰ Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақты дамудың кепіліне айналды.

Бұл уақыттың ішінде Ұйым тәртіп сақтаудың, үнемі өзгеріп отыратын сынақтарға қарсы қауіпсіздікті нығайтудың сындарлы күшіне айналды. Формальды түрде қауіпсіздік саласында ШЫҰ зұлымдықтың үш түрі – терроризмге, экстремизм мен сепаратизмге, сондай-ақ есірткі бизнесіне және трансұлттық қылмысқа қарсы бірлескен күресуге бағытталған.

ШЫҰ елдері БҰҰ-ның тиісті құрылымдарымен, атап айтқанда, Терроризмге қарсы комитетпен, Интерполмен, ЕҚЫҰ-мен, ҰҚШҰ-мен және ТМД Антитеррорлық орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қауіпсіздік саласындағы мұндай ынтымақтастық инфрақұрылымы Ұйымға көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Ұйымның қашан да жаңа міндеттерге икемі сай. Құрамындағы елдерге ол бірлескен шешімді тез табуға және бір-біріне тиісті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бүгінде ШЫҰ-ның, сондай-ақ бүкіл әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған халықаралық ынтымақтастықтың ең күрделі мәселелерінің бірі – COVID-19 пандемиясы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы саммитте сөйлеген сөзінде пандемияның теріс салдарын жою бойынша күш-жігерді үйлестіру тұрғысынан ШЫҰ-ның кәсібилік танытқанын атап өтті. ШЫҰ елдерінің барлық халықтарына түсінікті «дос қиындықта сыналады» мақал-мәтелі жойқын пандемияның өршу тұсында ШЫҰ –ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастық рухын айшықтай түсті.

ШЫҰ кеңістігіндегі тұрақтылық экономикалық ынтымақтастық пен дамуға жағдай жасайды.

Бүгінде ШЫҰ – саясат, экономика және гуманитарлық ынтымақтастық сияқты көп салалардағы өзара әрекеттесудің халықаралық ұйымы. Тұрақтылық пен қауіпсіздіктің арқасында экономикалық көрсеткіштер біртіндеп артып келеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ұйымға мүше елдердің экономикаларының жалпы көлемі 18,4 триллион АҚШ долларына жетсе, өзара сауда көлемі 6,2 триллион АҚШ долларын құрайды. Бұл 2000 жылдардың басындағы ШЫҰ құрылған кезден 11 және 8 есе көп. Осылайша 2013 жылы «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске қосуға және дамытуға, құрлықтық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік туды. Жаңа ынтымақтастық пен кеңеюдің қазіргі жағдайында Орталық Азия Жібек жолының әр түрлі экономикалық жобаларының түйісетін орталығына айналып келеді.

Тарихи экспансиядан кейін ШЫҰ құрамына мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына үлес қосу мүмкіндігін алады. География мен демография тұрғысынан алғанда, ШЫҰ-ның 8 мемлекеті Еуразия құрлығының шамамен 60 пайызын және әлем халқының жартысын құрайды. Ал олардың жалпы ішкі өнімі жалпы әлемдік көлемнің 20 пайызынан астамын қамтиды.

Экономикалық өлшемде ШЫҰ – сату мен тұтынудың үлкен әрі игерілмеген нарығы. Экономика мен бірлескен даму – ШЫҰ ынтымақтастықты кеңейтудің перспективалы векторы. Бірыңғай қауіпсіздік ортасын, байланысты инфрақұрылымды құру және ШЫҰ кеңістігінде жұмыс істеудің бірыңғай стандарттары мен ережелерін (ШЫҰ, Белдеу және жол бастамалары мен Еуразиялық экономикалық одақ ресурстарының жиынтығымен) әзірлеу ішкі экономикалық серпін беруі мүмкін. Ал ШЫҰ-ның жаңа, кеңейтілген географиясы Еуропа, Кавказ, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарын жақындастырмақ. Бұл Орталық және Оңтүстік Еуразияның геоэкономикасын мәңгілікке өзгертуі тиіс.

2017 жылы Үндістан мен Пәкістанды құрамға қабылдау арқылы ШЫҰ географиялық жауапкершілігін Оңтүстік Азияға қарай кеңейтіп, дамудың жаңа кезеңін бастайды.

Бұл кезеңде ШЫҰ жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа сынақтармен бетпе-бет кездеспек. Еуразиядағы геосаяси кеңістіктің трансформациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуына жағымды да сапалы жағдай жасайды.

Кеңею нәтижесінде ШЫҰ таза аймақішілік (Орталық Азиялық) құрылым болудан қалып, Оңтүстік Азия аренасына шықты. Бұл сенімділіктің (Пекин, Мәскеу, Нью-Делимен БРИКС шеңберінде) артқанын дәйектеп, қабілеті жаңа халықаралық өзектің құрылғанын көрсетеді. ШЫҰ жаһандық мәртебеге ие болуы мүмкін. Себебі оның құрамына кіретін 4 ядролық державаның екеуі – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері.

Осылайша, ШЫҰ-ның жаңа құрамы ұйымға халықаралық кеңістіктің жаңа көкжиегін ашады. ШЫҰ жауапкершілік аймағындағы өзгерістер күрделі, қарқынды бола бастады. Аймақтағы қауіпсіздік мәселелері мен терроризмге қарсы күрес, әсіресе Ауғанстанда болып жатқан ішкі өзгерістер, ШЫҰ-ға мүше елдердің назарында жүреді.

Осылайша, мерейтой жылы – Ұйымның жетістіктері мен нәтижелерін саралағанға, болашаққа бірге қадам басып, жаңа стратегиялық бағдарды тапқанға жақсы уақыт. ШЫҰ үшін 2021 жыл –бірлескен жұмыстың кейбір нәтижелерін қорытындылау кезеңі, әлемдегі өзгерістерді ескеретін көзқарастар мен міндеттерді құру кезеңі. Әлеуеті зор ұйым құрамындағы елдердің мүддесіне сай болатындай сол әлеуетті қалай пайдалануға болатынын қарастырмақ.

Ұйым құрамының кеңейгенін ескерсек, қазіргі уақытта ШЫҰ мүшелерінің бұрынғысы да, жаңасы да ұйымның жаңа біріктіруші миссиясы мен кезек күттірмейтін міндеттерін қалыптастыру қажеттілігіне ерекше назар аударуы тиіс. ШЫҰ-ны дамыта түсу үшін оған мүше мемлекеттер барлық салалар бойынша өңірлік және халықаралық деңгейдегі ұзақ мерзімді күн тәртібін бірлесіп жаңартқаны абзал. «Шанхай рухы» мен заман сауалына жауаптарды бірлесіп іздеу тәжірибесі түптеп келгенде өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі.

ШЫҰ-дағы конструктивті өзгерістер оның анағұрлым тиімді Ұйым ретіндегі жаңа позициясынан көрініс табуы тиіс. Ұйым мүшелердің санын көбейтіп қана қоймай, нақты жобалармен өзара әрекеттестіктің жаңа бағыттарын игеруі керек. Экономикалық мәселелер, әсіресе, COVID-19 пандемиясынан әлсіреген ұлттық экономика, ШЫҰ кеңістігіндегі толыққанды ынтымақтастықты қалпына келтіру қажеттілігі алдағы жылдары ШЫҰ-ның назарында болады.

Осыған байланысты Ұйымға мүше елдердегі халықаралық көлік тасымалы мен темір жол әкімшіліктерінің өзара іс-қимылына қолайлы жағдайлар жасап, логистикалық ынтымақтастықты, оның ішінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын дамудың аймақтық және ұлттық стратегияларын күшейтудің, ШЫҰ кеңістігінде ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің, өндірістік кооперация мен энергия тиімділігін арттыру мәселелері өзекті болып қала береді.

ШЫҰ дамуының жаңа үрдісі жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін іздеуге түрткі болуы ықтимал. Төрт жыл бұрын кеңейген ШЫҰ беделінің халықаралық күн тәртібіне әсер ету мүмкіндігі бар. Алайда, ол үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің, бақылаушылардың, диалог бойынша серіктестердің кең ауқымы үшін жаңа тұжырымдамалар мен тартымды идеяларды қалыптастыруы тиіс сияқты.

Болашақта заманның жаңа талабына тиімді бейімделуде ШЫҰ саяси ықпалды, экономикалық қуатты, өзін өзі қамтамасыз ететін жаңа форматтағы халықаралық ынтымақтастықтың қызықтырушы өзегіне айналатын сияқты. Жалпы алғанда, дамудың жиырма жылдық белесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Ұйымның кеңейтілген әлеуетін пайдалануға бағытталған маңызды жұмысты жан-жақты талқылап, қолға алуына жақсы себеп болмақ.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT