Шаңырақ көтергеніне 75 жылдан асқан жетісайлық ерлі-зайыпты биыл 100 жасқа толады

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Жетісай қаласында тұратын Орын ақсақал мен Гүлсім әженің некелескеніне 80 жылға таяды. Олар елімізде ең ұзақ жасасып келе жатқан ерлі-зайыпты саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Қос қарияның да жасы биыл 100-ге келеді. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен қарттардан тараған ұрпақтың өзі бүгінде 200-ден асқан.

Орын ақсақалдың балалық шағы ашаршылық кезіне тұспас тұс келкен. Аш-жалаңаштығына қарамастан анасы мен жеңгесіне ілесіп, қой бақты.

«Ерте тұратын ем. Қойдың соңынан 4-5 жыл жүрдім. Ешқандай атқа, есекке отырған емеспін. Қазір ғой бір шақырымға бола машинаға отырады. Қазір де көбіне жаяу жүремін» деп еске алады Орын Ақшаев.

Мырзашөлді суландырып, ел осында қоныстана бастаған жылдары ата-анасың ұйғарымымен Гүлсіммен бас қосты. Бір-бірін танып білмеген екі жастың отбасылық өмірі басталды. Жұбайы 14 құрсақ көтерген. Қазір солардан 4 ұл мен 3 қыздың көзі тірі. Тұңғышының жасы бүгінде 71-де.

«Мен көрмегенді бұл көреді. Бір-біріміздің әңгімемізді тыңдаймыз. Көргенін айтады. Соған да қуанамыз. Сырласпыз ғой, сырлас» дейді жұбайы Гүлсім Ақшаева.

Орын ақсақал шаңырағынан 20 қыз ұзатып, 28 келін түсіргенін әркез мақтанышпен айтады. Бүгінде екі ұлы мен келіні, олардан тараған екі немере мен кіші келіндер де бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп жатыр. Өзгелері өз алдына бөлек шаңырақ.

«Қариясы бар үйдің қонағы көп болады деп, сол қонағымен қызық болады екен. Біраз күн қонақ келмей қалса сағынып отырамыз» дейді әулеттің келіні Жанар Орынова.

Жасы ұлғайғанымен Орын ақсақал әлі тың. Қимылы ширақ. Әлі күнге тұлпар баптап, ат мінеді. Делебесі қозып, бәйге мен көкпар додасын тамашалауға да барып тұрады.

«Ат - ердің қанаты» деген сөз бар ғой. Атқа мінгеніме 80 жыл болды. Содан бері атпен айналысам. Мынау - бес жасар атым. Балаларға ара тұра шаптырып қоямын. Әзір де өзім мініп жүремін» дейді Орын ақсақал.

Сүйегі асыл қос қария бүгінде шөпшек сүйіп, перзенттерінің өсіп-өнгенін көріп, марқайып отырған жайы бар.



Соңғы жаңалықтар