Шардарада жаңадан салынған көпқабатты екі үй мұқтаж отбасыларға беріледі

None
None
ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Шардара қаласында жаңадан салынған көпқабатты екі үй мұқтаж отбасыларға берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, жалпы саны 80 пәтер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, үй кезегінде тұрған мұқтаж жанұяларға үлестірілетін болады. Сонымен қатар қаладағы тұрғын үй қорын жаңғыртуға сәйкес, 2017 жылдан бері 14 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен болатын. Қаладағы жаңадан ашылған «Әсем» мөлтекауданын таза ауыз сумен қамту шаралары жүргізіліп, бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылуда.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында шағынаудан тұрғындары толық ауыз суға қол жеткізеді деп жоспарланып отыр. Бұдан өзге, өңірде «Жол картасы Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында «Үш Арыс» скверін және Жібек жолы көшесін абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Мердігер мекеме желілік саябаққа плитка жабынын төсеп, қоршау орнатуда. Демалыс орнына шағын сәулеттік нысандар салып, көгалдандыру және жарықтандыру ісін қолға алған.


Аталған жұмыстар қыркүйек айында толық аяқталады деп күтілуде. Жөндеу жұмыстары сондай-ақ, Шардара аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанындағы орталық стадионда да жүргізілді.

Ал, жол құрылысы саласында аудан бойынша ұзындығы – 18,04 шақырымды құрайтын барлығы 21 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңға «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Көксу ауылдық округі мен Алатау батыр ауылдық округінде жалпы саны 16 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт-бетон төселген. Қалған көшелерді жөндеу жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар