Шегіртке зиянкестерімен күрес бағытында көрші елдермен бірлескен зерттеулер жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шегіртке зиянкестерімен күрес бағытында 38,3 млн гектар алқап зерттелетін болады. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, облыстар әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрды және мониторинг пен химиялық өңдеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жоспарын бекітті. Шегірткелердің ошақтарын анықтау үшін 570 автокөлік және GPS навигатор, GPS трекер, планшеттер пайдаланылады, сондай-ақ 1224 тексеруші тартылып, 38,3 млн гектар алқап зерттелетін болады», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бұдан бөлек, көршілес мемлекеттермен (ҚХР, Ресей, Өзбекстан) шекаралас аумақтарда шегіртке зиянкестерін анықтау үшін бірлескен зерттеулер жүргізіледі.

«2019 жылдың желтоқсан айында Бейжіңде ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ал биылдың ақпан айында РФ Ауыл шаруашылығы министрлігімен шекаралас аумақтарда шегірткеге қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық кеңестер өтті», - деді Алмабек Марс.

Оның сөзіне қарағанда, шекаралас аймақтарда зерттеулерге ерекше екпін қойылады. Егер осы өңірлерде шегіртке ошақтары анықталған жағдайда, облыстарда тиісті техника мен жабдықтар жеткілікті. Препараттардың барлығы өңірлерге жеткізілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы 554 мың гектар алаңда үйірлі шегіртке зиянкестері таралуы мүмкін.



Соңғы жаңалықтар