Шекарадағы бақылау күшейтілді – Дәурен Абаев Қытайда өршіген коронавирус жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайда өршіген коронавирусқа байланысты екі елдің шекарасында қазірдің өзінде 15 мыңға тарта азамат тексерілген.

Мұндай деректі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да, Қытайда тараған вирус тақырыбы өте резонансты сипатқа ие болды. Біздің азаматтардың алаңдауын түсінуге болады. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз мәслихатын өткізіп, жүргізілген алдын алу шаралары туралы нақты айтылды. Шекарадағы бақылау күшейтілді. Біздің елшілік пен консулдық сондағы азаматтармен байланыста. Шекарадағы өткізу пунктерінде бәрі де контактсыз термомитриядан өтеді. Бортсеріктермен, жолаушылар пойызының жолсеріктерімен профилактикалық шаралар жүргізілуде. Қытайға бара жатқандар үшін арнайы жадынама дайындалды», - деді министр «Ашық диалог» бағдарламасында.

Дәурен Абаевтың келтірген дерегіне сәйкес, шекарада қазірдің өзінде 15 мыңға тарта азамат тексерілген.

«Ауру белгілері ол тексерулерде анықталған жоқ. Әлбетте, бәрі де жағдайды бақылауда ұстап отыр», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин Қытайда өршіп жатқан коронавирус Қазақстан аумағында тіркелмегенін мәлім еткен еді.




Соңғы жаңалықтар