Шелл, Эни, Тоталь Қазақстанның жасыл энергетикасына инвестиция құймақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шелл, Эни, Тоталь Қазақстанның жасыл энергетика саласына инвестиция құймақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, өңірлерде жаңартылатын энергия көздері нысандарын орналастырған кезде ресурстық әлеует және электр қуатына деген қажеттілік ескеріледі. Сонымен қатар Бірыңғай электр энергетика жүйесінің аймақтары бойынша максималды рұқсат етілген қуат пен инфрақұрылым дайындылығы да назарға алынады. Бұл Қазақстанның Бірыңғай электр энергетика жүйесінің сенімді жұмыс жасауы үшін жаңартылатын энергия қуатының лимитін асырмауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ең жоғары қуат бүгінде Алматы облысында, Жамбыл облысында және Қарағанды облысында шоғырланған

«Жасыл» энергия секторында қазір әлемнің 10 елінен инвесторлар жұмыс жасайды. Сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Қазақстан даму банкі сияқты ірі қаржы ұйымдары да әріптестік байланыста. Тағы да бір жағымды жаңалық, «жасыл» энергия секторына инвесторлар ретінде Шелл, Эни, Тоталь сияқты ірі мұнай компаниялары келді. Олар Қазақстанда жобаны іске асыру құқығына бақ сынамақшы«, - деді министр.

Осылайша, оның дерегінше, Қаржы-есеп айырысу орталығы жұмысын бастаған уақыттан бері жаңартылатын энергия секторына шамамен 406 млрд теңге тартылды. Салынған нысандар шамамен 81 млрд теңге салық төлейтін болады. Сондай-ақ нысандарды салу кезінде қазақстандық инженерлер, құрылысшылар және қосалқы жұмысшылар тартылады. Бұл ретте, 1 мыңға жуық тұрақты «жасыл» жұмыс орны құрылды.

«Оның көбі Қазақстанның шалғай өңірлеріндегі азаматтарды жұмыспен қамтығаны қуантады», - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар