Шенеуніктер ауыл тұрғындарының саны азайса, мектеп пен аурухананы жаба салады – Бектаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шенеуніктер ауыл тұрғындарының саны азая бастаса, білім ошақтары мен денсаулық сақтау мекемелерін жаба салуды әдетке айналдырды.

Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVIII съезінде партия төрағасы Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы. Ауылда өскен әрбір азамат туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге міндетті. Төрт түлігін түлетіп, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі. Алайда, өкінішке орай, бүгін ауыл адамының тұрмысы жайлы деп айта алмаймыз. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, қарқыны өсіп келе жатқан урбанизация үдерісі - соның айқын дәлелі», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мемлекет тарапынан «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жоба соңғы екі жылдың көлемінде іске асырылуда. Алайда ол бағдарламаның өзінің ауыл инфрақұрылымын реттеуге қауқары жеткіліксіз. Мемлекеттік органдар арасында үйлесімді тірлік жоқ, бөлінген қаражаттың тиімділігі төмен.

«Біз технология қарыштап дамыған дәуірдеміз. Десе де, елімізде ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. XXI ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі ауыл ішін есек арбамен кезіп, бөшкелеп, құтымен су тасып жүрміз. Ауыл баласының қақаған қыс пен аптап жаздағы түске дейінгі уақыты су тасумен өтеді.

Жол сапасы тіпті сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендерді айтпағанның өзінде астана мен облыс орталықтарының маңындағы ауылдарға жету қиын. Ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы мәз емес», - деді партия төрағасы.

Әли Бектаевтың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі ауылдық жерлердің қажеттілігін нақтылау үшін арнайы сараптама жүргізген. Оның қорытындысы бойынша әр бесінші ауылдағы мектеп пен балабақша, әр үшінші ауылдағы медицина мекемесі күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.

«Шенеуніктер ауыл тұрғындарының саны азая бастаса, білім ошақтары мен денсаулық сақтау мекемелерін жаба салуды әдетке айналдырды. Әкімдер әмбебап оқытушы мен фельдшерді щақырып, тығырықтан шығудың орнына елді мекенді «болашағы жоқ» деп атауға бейім. Баласына білім, өзіне алғашқы медициналық көмек ала алмаған адам ауылда тұра ма? Осындай қарапайым өмір аксиомасын түсіне алмаған басшылар көп. Былтыр ауылдан қалаға жарты миллионға жуық адам қоныс аударған. 2014 жылдан бастап бала туу көрсеткіші бойынша көш басында ауыл емес қала тұр. Бұны қалай түсінуге болады? Осының барлығын ескере отырып, «Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасына ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік жоба дайындау қажеттігін ұсынып отыр. Ауылда өмір сүру деңгейі қалаға жетпесе де жете ғабыл болуы шарт деп есептейміз. Біз Парламентке өтсек те, өтпесек те осы бағытты қатаң бақылауға алып, үнемі көтеріп отыратын боламыз», - деді «Ауыл» партиясының жетекшісі.


Соңғы жаңалықтар