Шетелде тұратын этникалық қазақтар Қазақстанның киелі жерлерін аралады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шетелде тұратын қандастар Қазақстанның Маңғыстау облысында болып, бірқатар киелі орындарды аралады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан шараны «Отандастар Қоры» КЕАҚ және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шетелдегі қазақтар киелі орындарды аралап қана қоймай, әр елден келген жастар өзара танысып, олардың арасындағы достығының нығаюына дәнекер болу мақсат етілген еді. Осындай мақсат аясында шетелде өмір сүріп жатқан қазақ жастары арасындағы Жас Отандастар клубын құру да жоспарланды. Оның мақсаты қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын сақтау, Қазақстанның киелі орындарын шетелде дәріптеу, әлемге тарату», - делінген баспасөз баянында.

Аталмыш шараға Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия мемлекеттерінен келген 20 қандасымыз қатысты.

Айта кетерлігі, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Киелі Қазақстан» жобасының кезекті кездесуі еркін форматта өтті. Әр елден келген, әр саланың өкілі саналатын қазақ жастары өзара пікір алмасып, шеттегі басқа да отандастарға ұлттық құндылықты тереңінен насихаттау жайында сөз болды.

Кездесу барысында Иран мемлекетінен келген болашақ ұстаз Шахире Қазақ озі тұрып жатқан елде қазақ тілін толыққанды меңгеруге мүмкіндік жоқ екенін айтады. Бұл ретте «Отандастар Қоры» КЕАҚ қазақ тілін үйренуге арналған онлайн класс ашу жұмысы қолға алынғанын жеткізді. Ал Өзбекстаннан келген Гүлдана Төреханқызы ұлттық ойындарды дәріптейтін іс–шаралар көбірек өткізілсе дегенді алға тартады.

Оның айтуынша, ұлттық ойындар арқылы да қазақи болмысты сақтап қалудың мүмкіндігі зор. Жүздесуде қандастар шетелдегі өздерінің жұмысы, кәсібі туралы айтты.

Бұдан кейін қонақтар Маңғыстау өңіріне сапарлап, онда өңірдегі киелі орындарға тәу етті.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында 362-ге жуық тарихи ескерткіш бар. Солардың бірі әйгілі Бекет Ата кешені.

«Бірқатары Қазақстанға алғаш рет қадам жасап отырған қандастар Маңғыстау өңірінде ескерткіштер тарихымен танысып әулие рухына құран бағыштады. Бекет ата жайлы түрлі аңыз-әңгімелер естіп тарих тағлымына таңданыстарын жасырмады», - делінген баспасөз баянында.

Соңғы жаңалықтар