Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Мао Цзедуннің қабылдауында болған дәулескер күйші – Камал Мақайұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ғасырдың құрдасы, домбыраның сырласы - CNR


Қытайлық kazakcnr.com сайтында Шыңжаң қазақтарының қазыналы күй өнерін насихаттап жүрген дәулескер күйші, Қытай музыканттар қоғамының мүшесі Камал Мақайұлы туралы «Ғасырдың құрдасы, домбыраның сырласы» атты мақала жарық көрді.

Аталған мақалада Қытай елінде тұратын қандасымыз, көненің көзі, екі ғасырдың куәгері болған, аса қадірлі абыз қарт, дәулескер күйші, Әшімтанушы Камал Мақайұлының өмір жолы мен шығармашылық биік белестері туралы баян етілген.

Камал Мақайұлы 1924 жылы ҚХР-дың Іле аймағы Тоғызтарау ауданында туған.

«Дарынды күйші, саңлақ сазгер Камал Мақайұлы - XX ғасырдың 40- жылдарынан бастап өнер аламанына ат басын бұрып, туған елі, өскен ортасын күймен күмбірлетіп, әнмен әлдилеп, халықтың қошаметіне, алқауына бөленген. Камал ұлтымыздың көне күй мұраларын жинап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап жеткізген, халық мұрасының мұңын ерте таныған тұғыры бөлек тұлға. Өнер жолындағы еңбегі әуелі ұстазы Әшім Дүңшеұлының артына қалдырған мол мұраларын халыққа қаз-қалпында жеткізу жолындағы құлшынысынан көрініс тауып келеді. Қазірге дейін Камал Мақайұлы Әшім күйлерінен «Күй күмбірі», «Алтын бармақ», «Әшім күйлерінен таңдамалылар» атты кітаптарды баспадан шығарды. Сондай-ақ, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған салиқалы домбырашы телеарналар мен радионың алтын қорына 200-ден астам халық күйі мен күй аңыздарын ұсынып, өнердің үзілмейтін сара жолын салды», - деп жазады CNR сайты.

Дереккөздің мәліметінше, Камал Мақайұлының еңбегі Қытай қазақтарының арасында ғана танылып қоймай, Қазақстанның «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты домбыра күйлері антологиясына да енген. Онда Камалдың орындауындағы Әшімінің «Алмалы», «Кеңес» секілді 20-ға жуық күйі, ал Камал Мақайұлының өз туындыларынан «Жайлау думаны» сияқты он шақты күйі еніп, есімі тарих парағына жазылған.

Абыз күйші қазірге дейін «Менің домбырам», «Көркем Тянь-Шань», «Жасыл алқап», «Жайлау думаны» секілді 30-дан астам күй шығарған. К.Мақайұлы - Қытай музыканттар қоғамының мүшесі, Шыңжаң музыканттар қоғамы төрағасының орынбасары, ШҰАР әдебиет-көркемөнер қоғамының мүшесі, қытай халық әндерін баспадан шығару редакциясының алқа мүшесі.

«Күйші атамыз жас кезінде бір қолына қара домбырасын ұстап, бір қолына қаруын алып, 1945 жылғы «Үш аймақ төңкерісі» кезінде әскери шепте міндет өтеген сақа сарбаз. Кеудесіне таққан үш медаль жарқырап, өткен күндерден сыр шертіп тұр. Ол 1959 жылы Бейжіңдегі «Орталық партия мектебінде» оқып жүрген шағында, Қытай төрағасы Мао Цзедуннің қабылдауында да болған екен. Ал, 2007 жылы халқымыздың күй мәдениетін дамытуға ерекше үлес қосқан қоғам қайраткері Камал Мақайұлының «Менің домбырам» атында өнер кеші өткен. Сондай-ақ, күй өнерінің дарабоз тұлғасына үкімет ерекше көңіл бөліп, автономиялы республиканың үкімет басшысының орынбасары лауазымындағы өлшеммен емделу қаражатынан игіліктенуіне жағдай жасаған. Біз ғасырдың құрдасы, домбыраның сырласы болған абыз ақсақалымыз Камал Мақайұлына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз!», -деп жазылған аталған мақалада.

Сонымен бірге музыкатанушы ғалым, композитор Ілия Жақановтың күйші Камал Мақайұлы туралы шынайы жүрекжарды пікірін оқырманға ұсына кетуді жөн көрдік.

«Күй өнерінің көне мұраларын бүгінгі күнге жеткізіп, насихаттап жүрген дәулескер күйші Камал Мақайұлының орындауында Әшім Дүңшеұлының «Арма-ай» күйін тыңдап үлкен әсер алдым. Шертіп отырған Камал ақсақалдың да, күйші Әшімнің де жастық шақтарының сайран күндері елестейді. Адамның қиялы жетпейтін иірімдермен, лирикалық сезімдермен суреттеледі. Қазақта арманды күйлер көп, ол күйлер сені тұңғиық ойға, терең философияға жетелейді. Ол өмірде орындалмаған үміт-тілегіңе ұмсындырады. Мақсатқа жетпеу, тілекке жетпеу, торығу, сол жолда қапалы ғұмыр кешу арқау болады. Ал Камалдың орындауындағы Әшімнің «Арман-айы» сондай бір шуақты, сәулелі, адам жанын бесік жырындай әлдилейтін, рахат сезімге бөлейтін үн бояуы жарқын күй. Тәннің тозып, кеудең басылып, еңсең иілетін 90 жаста Камал ақсақалдың шуақты сезіммен балбырата шертуі күйдің құдіретін асыра түседі. Өзі айтқандай «жас кезімде пернеге қарамаушы едім, саусағымыз әрбір иірімді, әрбір пернені өзі тауып алушы еді, қазір жалтақтайтын болып жүрмін» дегеннен басқа мін жоқ. Керісінше шебер күйшінің осы рухани мұраларды әспеттеп, алтынның сынығындай, інжу-маржан, лағыл тастай етіп, бізге ел мұрасын, халық күйлерін тұмардай сақтап, аман-есен ұрпаққа жалғап, жеткізіп отырған асыл қасиетіне бас иемін! Камал Мақайұлына мықты денсаулық тілеймін!», - дейді Ілия Жақанов.


Жандос Асқарұлы мен Құлын Алтынбекқызы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды – KAZNEWS

11-24 сәуір аралығында Польшада бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Моңғолия Бокс федерациясы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын боксшылардың тізімін жариялады, деп жазады моңғолиялық Kaznews ақпарат порталы.

«Құрама сапында 69 келі салмақ дәрежесінде 2019 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Жандос Асқарұлы, қыздар арасында -51 келі салмақта Налайхан ауданының боксшысы Құлын Алтынбекқызы бар. Ал, Еркін Жамантайұлы бапкерлер құрамында жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ, 2019 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Төгсжаргалын Номин-Эрдэнэ қыздар арасындағы - 57 келі салмақта күш сынасады», - деп жазады Kaznews.


Аттила туралы ғылыми еңбек жарық көрді – TRT

Халықаралық Түркі академиясы Мажарстан және Қазақстан Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен аты аңызға айталған ғұн әміршісі Аттила туралы «The Lord of Europe Attila» (Еуропа әміршісі Аттила) атты ғылыми еңбекті таныстырды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Академияның қолдауымен ағылшын тілінде жарық көрген аталмыш еңбектің авторы – көрнекті ғалым, ғұн тарихының білікті маманы, Мажарстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Борбала Обрушански. Ғылыми еңбек тың деректерімен және арғы ғұн замандарынан орта ғасырдағы түркі дәуіріне дейінгі дәстүр сабақтастығын жаңа көзқарас тұрғысынан саралауымен ерекшеленеді. Халықаралық Түркі академиясында өткен басылымның тұсаукесер рәсіміне Мажарстанның Сыртқы сауда және сыртқы істер министрі Петер Сийярто, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михай Галошфай, сонымен қатар Мажарстан делегациясы, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты», - деп жазады TRT.

«Өзбеккино» Ұлттық агенттігінің атауы Кинематография агенттігі болып өзгертілді - «ӨзА» ақпарат агенттігі

Президент Жарлығы бойынша, Өзбекстан кинематографиясының қара шаңырағы болған «Өзбеккино» Ұлттық агенттігінің атауы «Кинематография агенттігі» болып өзгертілді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Агенттіктің жаңа атауы ұйымның алдында тұрған негізгі міндеттерге баса назар аударып, бұл кино өнерін одан әрі дамыту үшін ғана емес, сонымен бірге экономиканың бір саласы ретінде елдің қуатты киноиндустриясын құруға ықпал ететіні айтылған. Ұлттық кинематографияны дамытудың басым бағыттары ретінде мыналар көрсетілген. Агенттіктің, киноиндустрия мен сала өкілдерінің келесі бастамалары қолдау тауып, онда 2021 жылдан бастап «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалін қайта құру және оны тұрақты түрде өткізіп отыру айтылған», - деп жазады «ӨзА».

Мұхаммад Джавад Зариф: Иранның басым бағыты – көршілес елдер

Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Орталық Азия аймағына сапарында Қазақстан басшыларымен кездесулерін жемісті болды деп сипаттап, Иранның басты басымдығы көршілес елдер екенін айтты, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Иран Сыртқы істер министрі Тwitter-дегі жеке парақшасында: «Дипломатиялық кездесулердің үшінші мақсаты, яғни Қазақстанда осы елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесулерім сәтті өтті», - деп жазды.

М.Зариф: «Екі елде аймақтық тұрақтылық пен әлемді ядролық қарусыздандыру саласында ортақ мақсаттар көп», - деді.

Зарифтің Орталық Азияның төрт елі – Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан мен Түрікменстанға сапары осы аптаның дүйсенбі күні басталды», - деп жазады Parstoday агенттігі.


Соңғы жаңалықтар