Шикізаттық емес тауар экспорты 14 млрд долларды құрады - Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 9 айында Қазақстанның шикізаттық емес тауар экспорты 14 млрд долларға жетті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортында оң динамика байқалады. Атап айтқанда, 2021 жылдың 9 айының қорытындысында шикізаттық емес тауар экспорты 14 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылдың 9 айымен салыстырғанда 25,6 пайызға көп. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда қызметтер экспорты 2,4 пайызға артып, 2,7млрд долларға жетті», - деді министр Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Оның атап өтуінше, шикізаттық емес тауарлар экспортының артуына Үкімет жүргізіп отырған проактивті экспорттық саясат оң септігін тигізіп отыр. Ол шамамен 20 қаржылық және қаржылық емес құралды қамтиды.

«Осы жылдың 9 айында 74 экспорттаушыға 119 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесі ұсынылды. 158 экспорттаушының 5,9 млрд теңге шығысы өтелді. 69 экспорттаушыға 105 млрд теңгеге сақтандыру қолдауы көрсетілді. 200-ден астам экспорттаушы консультациялық-сараптамалық қолдау алды», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар