ШҚО ауылдарына жоғары жылдамдықты интернет тартылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы бірнеше ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда интернет желісі нашар немесе мүлдем ұстамайтын елді мекендер бар. Осыған орай ауылдарға тез арада жоғары жылдамдықтағы интернет желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңірдегі оқушылар қашықтан алаңсыз білім алатын болады.

«Қазақтелеком» АҚ филиалының хабарлауынша, жыл басынан бері компания облыстағы барлық ауданға 1800 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде де интернет жүйесі іске қосылған. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар Өскемен қаласына жақын орналасқан елді мекендерде жүргізілуде. Мәселен Ұлан ауданында интернет желісі тартылуда.

«Қазақтелеком» АҚ филиалының техникалық директоры Ғазинұр Раимхановтың айтуынша, 20 қыркүйекке дейін Ұлан ауданында мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Ұлан, Бозанбай, Тарғын, Асубұлақ ауылдарына интернет желісі тартылады.

«Аудан әкімдігімен бірлесіп, Бестерек пен Ізғұтты Айттықов ауылдарына интернет тартудың техникалық шешімін таптық. 1 қазанға дейін осы бағыттағы жұмыстар толық аяқталып, тұрғындар кең жолақты интернетке қол жеткізеді», - деді ол.

Ұлан аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, интернетке қатысты туындаған мәселе қарамастан оқу үрдісі жоспар бойынша жүргізілуде.

«Елді мекендерде шағын комплектілі мектептер орналасқан. 1 қыркүйектен бастап оқушылар штаттық режимде білім алуға көшті. Барлық ауыл мектебінде интернет бар. Қала мектептерінде оқитын оқушылар, сондай-ақ студенттер жұмыс күндері ауылдағы білім ошақтарына барып, сабақ оқи алады. Онда барлық санитарлық талап сақталған», - деді Қуат Оқасов.

Айта кетейік, 2019 жылы облыстағы 150 елді мекенге интернет желісі тартылмаса, биыл бұл көрсеткіш 2 есеге азайған.


Соңғы жаңалықтар