ШҚО-да 141 адамды алдаған ерлі-зайыпты сотталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында ірі көлемде алаяқтық жасаған ерлі-зайыпты сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, А. және К. есімді сотталушылар жиһаз жасайтындықтары туралы Instagram желісіне хабарландыру жариялаған. Парақшаларында жиһаздың эскиздері мен фотосуреттерін көрсетіп, тапсырыстарды қабылдау кезіндегі шот-фактураларды жария етен. Бірақ шындығында олар жиһаз жасаумен мүлде айналыспаған.

Осылайша, алаяқтар 141 адамды алдап, 40 562 900 теңгені қалталарына басқан. Сот барысында екеуі өз кінәларын толықтай мойындаған. Қарауларында кәмелетке толмаған балаларының бар екендігін айтып, судьядан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

«К. есімді әйел бұған дейін де алаяқтық жасағандығы үшін сотты болған. Сондықтан сот үкімімен ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал А. есімді айыпталушы 5 жыл мерзімге темір торға қамалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар