ШҚО-да 2 ет өңдеу кәсіпорны салынуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қуаттылығы жылына 19 мың тоннаны құрайтын екі ет өңдеу кәсіпорнының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агроөнеркәсіптік кешен облыс экономикасын дамытудың жетекші бағыттарының бір. Өйткені өңір сүт, күнбағыс майы, бал және панты өндірісі бойынша елімізде бірінші орын, ал ет өндірісі бойынша екінші орын алады.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов халық алдында есеп беру барысында осы салада жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 33 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 116 пайызға артып, 686 млрд теңгені құрады. 5 сүт қабылдау пункті құрылып, 1050 басқа арналған 4 сүт-тауар фермасы салынды және 150 басқа арналған 3 ферма қайта жаңартылды.

«Соңғы 5 жыл ішінде тартылған инвестициялар халықтан сүт сатып алуды ақшалай есептегенде 18 есеге арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ 2015 жылдан бастап сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаты 29 пайыздан 87 пайызға дейін ұлғайды. Мал шаруашылығы өнімдері көлемінің өсуі өз кезегінде тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары қуаттылығын арттыруға ынталандырады. Сондықтан қуаттылығы жылына 19 мың тоннаны құрайтын екі ет өңдеу кәсіпорнының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 7 мың бас ірі қараға арналған 3 бордақылау алаңы пайдалануға берілді», - деді аймақ басшысы.

Өткен жылы өңірде 774 мың тонна дәнді дақылдар, 616 мың тонна майлы дақылдар жиналды.

«Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында, өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес тиімділігі жоғары дақылдардың алқаптарын ұлғайта отырып, егістіктерді әртараптандыру жүргізілуде. Мәселен, 2020 жылы сояның егіс алқабы 1,3 мың гектарға, жүгерінің алқабы 2,2 мың гектарға ұлғайды. Бүгінгі таңда елімізде өсірілетін күнбағыс көлемінің 66 пайызы біздің облыста өсіріледі», – деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар