ШҚО-да Аshyq ákimdik фронт кеңсесі ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында Аshyq ákimdik фронт кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Adaldyq аlańy жобасын іске асыру аясында мемлекеттік органдар жұмысының жеделдігі мен ашықтығы арттыру мақсатында Бесқарағай ауданында Аshyq ákimdik фронт кеңсесі құрылған. Кеңсе open space форматында жұмыс істейді. Аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Әлімбаеваның айтуынша, мұндай жобалар азаматтар мен атқарушы билік өкілдері арасындағы көпір іспеттес.

«Біз барлық жағдайды жасауға тырыстық, атап айтқанда келушілер үшін ыңғайлы күту аймағы мен балалар ойнайтын орынды жабдықтадық, ақпараттық стендтер орнаттық. Артықшылығы сол, егер мәселе бір құрылымдық бөлімшенің көмегімен шешілмейтін болса, онда дәл сол бөлмеде көмек көрсете алатын басқа бөлімнің өкілі орналасқан. Осылайша бөлімдердің өкілдері бір-біріне шексіз қоңыраулар шалып, кабинеттерге кіріп-шығып жүрместен, жедел және сапалы түрде әрекет ете алады», - деді Алмагүл Әлімбаева.

Кеңседе аудан тұрғындары үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала және басқа да мәселелер бойынша кешенді көмек көрсетіледі.

«Сондай-ақ фронт-кеңседе аудан әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдайды. Бірақ қазір коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты барлық кездесулер онлайн режимге ауыстырылған. Жыл басынан бері барлығы 14 қабылдау өткізіліп, 80 өтініш келіп түсті. Олар абаттандыру, сумен жабдықтау, тұрғын үй, жолдарды тазарту, жер қатынастары, білім беру және жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты болды», - деді аудан әкімінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар