ШҚО-да ауыл жастарының мәселелерін шешу үшін мобильді топ жұмыс істеуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында арнайы құрылған мобильді топ мүшелері ауыл жастарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мобильді топ мүшелері облыстың 12 шалғай ауылдық округінде 277 адамды қамтыған кездесулер ұйымдастырды. Шара барысында психолог, гинеколог, уролог және теолог сияқты білікті мамандардың көмегіне 208 адам жүгінді.

«Мобильді топтың құрамына ішкі саясат, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, дін істері, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау басқармаларының, «Jas Otan» ЖҚ, «Даму» қоры, «Атамекен» ҰКП, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ШҚОФ мамандары, теологтар мен психологтар тартылған. Мұндағы басты міндет – жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы ақпараттандыру және кеңес беру, ауылды жерлердегі жастарды толғандырған мәселелерді талқылау», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Сонымен қатар жастардың бойында көшбасшылық қабілеттерді дамыту бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаттарының қатысуымен Қазақстан тарихы және ұлы Абай шығармашылығына қатысты зияткерлік ойындар, семинарлар мен шеберлік-сыныптары өткізілді.

Айта кетейік, облыс аумағында карантиндік шектеу шараларының күшеюіне байланысты алдағы уақытта Абай, Аягөз және Үржар аудандарындағы осындай кездесулер онлайн форматта өткізілмек.


Соңғы жаңалықтар