ШҚО-да азаматтарды емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 15 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымын еркін таңдау бойынша жыл сайынғы науқан жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ШҚО ақпарат орталығында өткен тікелей эфир барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Ғалымжан Әбілов мәлімдеді.

«Науқан кезінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымына тіркелген азаматтар медициналық көмекті 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала алады. Бұл ретте медициналық ұйым қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әдеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарға тұрғындардың бөлінуін ескере отырып, 2021 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Осылайша, әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді», – деді ол.

Тікелей эфир барысында Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының ШҚОФ директоры Шынар Әшірбаева емханаға тіркелудің бірнеше жолын атап өтті.

«Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркеу электронды цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның электронды цифрлық қол қойылған электронды құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі», - деді Шынар Әшірбаева.

Ғалымжан Әбіловтің айтуынша, халықтың жекелеген санаттары емханаға тікелей тіркеле алады. Ол үшін өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет.

Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша мүгедекке бала кезінен тағайындалған қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда жазасын өтеп жатқандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.

Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада медициналық көмек алуды жалғастырады.

Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет.

Сақтандыру мәртебесін Электронды үкімет порталында, қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.


Соңғы жаңалықтар