ШҚО-да биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1393 мың гектарға егіледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көктемгі егістік жұмыстары басталды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1393 мың гектарға егілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, осы жылы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егістік алқабы 601,9 мың гектарды құрап отыр. Ал майлы дақылдар – 484,7 мың гектар, мал азығы дақылдары – 274,4 мың гектар, картоп – 19 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары – 13,3 мың гектар.

«Көктемгі егістік кезеңінде жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары 1393 мың гектарға егіледі деп жоспарлануда. Бүгінде барлық дақыл тұқымының 54%-ы өңір аумағына жеткізілген. Жеткізуші «ҚазАзот» АҚ аммиак селитрасының бағасын 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендетті», - делінген хабарламада.

Егістік жұмыстары басталмас бұрын ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының сапасы жіті тексерілді. Өңірдегі шаруа қожалықтарында барлық қажетті техника бар. Жоспарланған жұмыс көлемін орындау үшін 33 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 6 миллиард теңге субсидия қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 577 миллион теңгеге артық.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да үшінші май өңдеу зауыты ашылатындығын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар