ШҚО-да биыл тұрмысы төмен және көпбалалы 1125 отбасы баспаналы болады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін тұрмысы төмен және көпбалалы 1125 отбасы баспаналы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың кешенді бағдарламасы жүзеге асуда. Бірінші кезекте бұл көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қатысты.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, салынып жатқан және пайдалануға берілген тұрғын үйлерді көбейту арқылы пәтер кезегінде тұрғандардың саны едәуір азайтылмақ.

«Тек өткен жылдың өзінде 1000-нан астам тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар өз баспаналарының кілтін алған. 2021 жылдың аяғына дейін бұл сан тағы 1125-ке артады. Осы ретте, маңызды жобалардың бірі – Семейдегі Қарағайлы шағынауданы болды. Мұнда екі жүзден астам отбасы пәтер алған. Сондай-ақ Өскеменде көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынып жатыр. Аудандарда аз қамтылған аналар баспанадан бөлек, мал ұстауға, бау-бақша өсіруге және жерді мақсатына сай пайдалануға болатын жеке учаскелер алуда. 2022 жылға қарай бұл санаттағылардың баспана кезегін толықтай жою жоспарланып отыр», - деді облыс әкімі.

Көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы бірнеше қаржыландыру көздерінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік тұрғын үй қоры, бюджеттен тыс қаражат және демеушілер қолдауы.


Соңғы жаңалықтар