12:47, 01 Наурыз 2021 | GMT +6
ШҚО-да екінші ауысым оқушылары мектепке бармайды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында екінші ауысым оқушылары үшін сабақ болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1 наурызда өңірде қатты жел соғып, бірқатар аудан, қалада екінші ауысым оқушылары үшін сабақ өткізілмейді.
«Атап айтқанда, Семей қаласында жел жылдамдығы 12 метрге жеткендіктен екінші ауысымдағы 0-4 сынып оқушыларына сабақ болмайды. Сондай-ақ Ұлан (жел жылдамдығы секундына 10-15), Жарма (жел жылдамдығы секундына 15-20 метр) және Бесқарағай аудандарында (жел жылдамдығы секундына 10 метр) да 0-4 сынып оқушылары мектепке бармайды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда бірқатар жолдың жабылғандығы хабарланған болатын.