ШҚО-да ертеңнен бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 23 мамырдан бастап (Семей қаласынан басқа) барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вирустың таралу қаупі сақталуына байланысты Өскемен қаласындағы ХҚО-ларда электронды форматта қолжетімді емес «қағаз» қызметтер көрсетіледі. Орталыққа бару үшін кезек уақытын 1414 байланыс орталығы немесе egov.kz порталындағы арнайы сервис арқылы алдына ала брондау қажет.

«Жұқпалы індетке шалдығу қаупі әлі де сейілген жоқ. Кезекті алдын ала брондау шаралары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Сондай-ақ ХҚО-ға келген кезде маска режимін сақтау маңызды», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтің 80% астамын egov.kz электрондық үкімет порталы, телеграмдағы eGovKzBot2.0 боты және eGovMobile мобильдік қосымшасы арқылы онлайн форматта алуға болады. Жақында жаңа форматқа ауыстырылған жеке және заңды тұлғаларға ЭЦҚ беру бойынша қызмет тек онлайн түрде көрсетіледі.

Компьютері жок азаматтар үшін қалалық кітапханалардың ғимаратында, барлығы 10 жерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылды.

«Дегенмен 3 санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді ХҚО-дан ала алады. Әр фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Олар да орталыққа баратын уақытын алдын ала брондауы керек. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар 1414 байланыс орталығына қоңырау шалып, ХҚО қызметкерін үйіне шақырта алады», - дейді филиал директоры.

Айта кету керек, аталған өзгерістер Өскемен қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты. Аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде орналасқан ХҚО-лар өзгеріссіз жұмыс істейтін болады.



Соңғы жаңалықтар