ШҚО-да карантин кезінде мұқтаж жандарға көмектескен волонтерлер марапатталды
«Аймақ волонтерлері «Біз біргеміз« акциясына белсенді қатысуда. Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде дамыл көрмей мұқтаж жандарға қол ұшын созған еріктілеріміз мақтауға тұрарлық. Сіздер-нағыз патриотсыздар, еліміздің болашағы өздеріңіздің қолдарыңызда. Біздің өңірде белсенді жастардың көп болғанына қуаныштымын», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов марапаттау салтанатында.
Айта кетейік, «Біз біргеміз» акциясы аясында «Jas Otan» жастар қанатының 520-дан астам еріктісі 25 мың жалғызбасты зейнеткерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткізуді ұйымдастырды. Сондай-ақ 123 Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері мен 16 189 тыл еңбеккеріне азық-түлік жиынтығы берілген.
Бұдан бөлек, акция аясында құрылған «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан Шығыс Қазақстан облысында 44 мыңнан астам мұқтаж отбасы 50 мың теңге көлемінде бірреттік көмек алды.