21:16, 24 Маусым 2021 | GMT +6
ШҚО-да көліктері батпаққа батып қалған 9 адамға көмек көрсетілді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар көліктері батпаққа батып қалған 9 адамға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «112» нөміріне қоңырау шалған азамат Бұқтырмадағы демалыс базаларының біріне барар жолда ауа-райының қолайсыздығынан көліктері батпаққа батып қалғандығын айтқан. Осылайша, 9 адам жолда қалды.
«Құтқарушылар жол талғамайтын техникамен оқиға орнына жедел келіп жетті. 9 адам, оның ішінде 1 бала эвакуацияланды. Екі автокөлік батпақтан сүйретіліп шығарылды. Содан кейін саяхатшылар өз жолдарын ары қарай жалғастыра алды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД мамандары өңір жұртшылығынан алыс жолға шыққанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қолайсыз ауа райында жетуі қиын жерлерге бармаған жөн.